Өлең, жыр, ақындар

Биқажыны жоқтау

  • 29.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1779
Бісміллә сөздің басында,
Алланың аты қасында.
Дүние салды қажы атам,
Тоқсан екі жасында.
Есіктің алды бел болар,
Белден бір асқан ел болар.
Қажы атам дүние салған соң,
Көзімнің жасы көл болар.
Мінгенде атым қара кер,
Бір Алла өзің пана бер.
Қажы атамның қайғысын,
Көтерер ме қара жер?!
Қажы атам елдің панасы,
Ақылдың асқан данасы.
Алладан келген әмірге,
Адамның болмас шарасы.
Алтай мен Боғда, Сауырым,
Бытырай қонған ауылым.
Қажы атам қайтып дүниеден,
Қайғының көрдік ауырын.
Қажы атам еді-ау, қормалым,
Жанаттан ішік орманым.
Қажы атам көшіп дүниеден,
Қайғылы көңіл болғаным.
Есіктің алды мойылды,
Мойылдан алғам сойылды.
Меккеден келген Қажы атам,
Қандай бір жерге қойылды.
Қажы атам елдің панасы,
Ақылдан еді данасы.
Қажы атама қайғылы,
Он екі керей баласы.
Әділдік жолын таңдаған,
Халқына зәбір салмаған.
Қоқайлап жаулар келгенде,
Адалдық жолдан таймаған.
Қажы атам мен қара Оспан
Қатар топқа жарасқан.
Екі дәу қатар келгенде,
Жоқ-жітікке қарасқан.
Байқара мен Құланбай
Азаттап салған ұрандай.
Қажы атам дүние салған соң,
Қайтеді бәрі жыламай.
Ақбұлақ басы жайлауым,
Жасаңға бие байлауым.
Науқасы салмақ тартқанда,
Ел-жұртым, қайғы ойладың.
Қажы атам халық қормалы,
Жанаттан ішік орманы.
Төтелей науқас келгенде,
Дауадан шипа болмады.
Батқандай болды-ау, ай-күнім,
Ауыры-ай қара қайғының.
Дұспанға үрей тудырған
Арыстандай айдының.
Мінгендей атым ақ жалды,
Үстінен ерім алман-ды.
Қажы атам билік құрғанда,
Қара қылды қақ жарды.
Қажы атам елін билеген,
Тастап бір көштің дүниеден.
Үкімі қолда тұрғанда,
Халқына зәбірі тимеген.
Байтоллаға барғаның,
Бағыштап құрбан шалғаның.
Садақа-сауға көп беріп,
Пақырдан сауап алғаның.
Қадірлі атам халқына,
Өсиет тастап артына.
Ат қойып ғайып ісіне,
Келтірген ойын шартына.
Тоқсан екі жасыңда,
Толықсып бағың басыңда.
Науқасың салмақ тартқанда,
Жиналдық жұртың қасыңа.
Опасыз мына жалғанда,
Атырдық талай таңдарды.
Науқастың жайын білген жұрт,
Ақылын таппай сандалды.
Құранның отыз парасы,
Молланың оқыр данасы.
Алладан болған бұйрыққа,
Адамның болмас шарасы.
Ақжорға міндің тағалап,
Тұлпарға тегін бағалап.
Ақылың асқар қажы атам,
Жүретін керей ағалап.
Бақытты дәулет басыңда,
Нөкерлі тобың қасыңда.
Отырдың билік тағында,
Он жеті деген жасыңда.
Алпысыңда қажы едің,
Қауым жұртқа жаз едің.
Қайғымен елің қапалы,
Билігің адал қазы едің.
Халқыңа зәбір салмаған,
Еш жанның көңілі қалмаған.
Ықылас тиген сабазым,
Тілейміз шапағат Алладан.
Еліңе берсін береке,
Дұспанға етпей келеке.
Өтеді күнім жылаумен,
Көзімнің жасын сел ете.
Әпитек басы әлхамды-ай,
Әлхамнан аспас әрқандай.
Қажы атам тірі тұрғанда,
Толықсып бастым алшаңдай.
Қажы атам еді ардақты,
Күмістен алтын салмақты.
Алдыңа жұмыс келгенде,
Ойлаушы едің жан-жақты.
Қажы атам едің сүйікті,
Жалпыға бірдей сиықты.
Опасыз жалған өткен соң,
Отырмыз болып күйікті.
Қажы атам барған Меккеге,
Бармаса көңіл жете ме?!
Айналайын қажы атам,
Есімнен, сірә, кете ме?
Айналайын құдайым,
Басыма салдың уайым.
Түскен соң қайғы салмағы,
Жұртыма шағып жылайын.
Халыққа пана болдыңыз,
Айрылып болдық сорлы біз.
Шапағат тиіп тәңірден,
Ұжымақтан болсын орныңыз!
Құранның басы әлхамды-ай,
Армансыз кім бар жалғанда-ай?
Шапағат тисін Алладан
Артыңда жылап қалғанға-ай!
Ақылмен билеп халқыңды,
Халқыңа жаққан салтыңды.
Берекесін бекемдеп,
Сақтасын Алла артыңды.
Оқысын молла дұғасын,
Өткізбей айдың жұмасын.
Артыңда қалған ұрпағың,
Сағынбай қайтып шыдасын.
Опасыз өткен сұм жалған,
Одан асып кім қалған.
Иманды болғыр, қажы атам!
Төбеңізді күн шалған.
Амалсыз адам жалғанға,
Кім жетеді арманға?!
Нәсіп етсін жаннатты,
Қиямет күні болғанда.
Оқуда жүрген баласы,
Көзінің ақ пен қарасы.
Тіріде көзі көруге,
Болмады-ау, шіркін, шарасы!
Нұрланған күнге қараймын,
Күн нұрындай арайлым.
Басылмай жалын тұрса да,
Жамағат тілін алайын.
Оқысын дұға білгендер,
Тетелес бірге жүргендер.
Тілейін тәңірім өзіңнен,
Қажы атама иман бер.
Мінгендей атым ақтан кер,
Қажы атам еді асқар бел.
Имандай болып жолдасы,
Торғындай болсын жатқан жер.
Қажы атам мінген жорғасын,
Күмістен ауыр қорғасын.
Айналайын, қажы атам,
Иманың болсын жолдасың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Илигай

  • 0
  • 0

Кел деп едің, Илигай, келіп тұрмын,
Отқа түспей өртеніп еріп тұрмын.
Сертке тұрсаң мен сендік, жаным құрбан,
Сырым осы, сертімді беріп тұрмын.

Толық

Керім-ау,айдай

  • 0
  • 0

Көк ала үйрек ұшады көлге қарсы
Жануардың ұясы желге қарсы.
Сағынғанның белгісі сол емес пе,
Орамалға тамады көздің жасы.

Толық

Гүлжансары

  • 0
  • 0

Қарсы алдымда Гүлжансары-ау,
Гүлжандай бола бермейді-ай-ай қыздың бәрі.
Жігіттің еш арманы болмас еді-ай,
Гүлжандай болса, шіркін-ау-ау, алған жары.

Толық

Қарап көріңіз