Ананың ұлын жоқтауы
Мінгенде атым қан жирен,
Қан жирен жүрер әр күймен.
Алды-артымды ойласам,
Әуе айналып, күн күйген.
Белеңге шығып қараймын,
Желге шашымды тараймын.
Келмеген соң жалғызым
Не болам деп ойлаймын,
Кереге бойын бойлаймын.
Әуеден ұшқан кекілік,
Кекілік отыр бекініп.
Жылады деп сөкпеңдер,
Жалғызымнан айрылып,
Мен отырмын өкініп.
Қайыңнан алған күрегім,
Қайғылы болған жүрегім.
Алладан мен тілегем жоқ,
Осылай болды тілегім.
Білезік салдым білекке,
Жеткізе ме деп тілекке.
Жеткізбей алды жалғызымды,
Қайғы толы-ау жүрекке.
Бір пайғамбар Ыдырыс,
Басыма түсті қиын іс.
Қиын да болса қайтейін,
Тартынбай сөйле отыз тіс.
Есіктің алды күрке еді,
Күркеден атым үркеді.
Қара тұяғын жерге қимайтын жалғызымның
Сұм қара жер бетін бүркеді.
Есіктің алды сасырды,
Кезеңнен жылқы асырды.
Қайтейін, әттең, құлынымның
Қара жер жүзін жасырды!
Әуеден ұшқан ұлармын,
Солқылдақ шиге қонармын.
Жалғызымды ойлай-ойлай,
Сақардай қайнап тынармын.
Қара ат міндім қатырып,
Қабырға жүнін батырып.
Жалғызымды ойлаймын,
Ұйқысыз таңды атырып.
Қаракер аттың шоқтығы,
Сілкінсе, түсер боқтығы.
Жалғызымнан айрылып, мен отырмын,
Қарғамның, әттең, жоқтығы!
Алтын ерден қас кетті,
Жалғызым менің жас кетті.
Жас кеткенін ойласам,
Қарадай көзден жас кетті.
Кереге қостым қапсырып,
Ши ұстадым жапсырып.
Шешең кәрі, балаң жас,
Кімге кеттің тапсырып?!
Жүк артайын інгенге,
Мұңымды айтам білгенге.
Құдіреті күшті Құдайым!
Күнімді берсін күлгенге.
Есіктің алды самырсын,
Самырсын мұнар жамылсын.
Бақиға кеткен құлыным,
Іздесем, қайдан табылсын?
Тауға біткен жалбызым,
Маңдайға біткен жалғызым.
Жалғызым сенен айрылып,
Көңілді шерге алғыздым.
Есіктің алды бүлдірген,
Етек, жеңін ілдірген.
Ішім жалын, сыртым шоқ,
Ешбір жанға білдірмен.
Әуеден ұшқан лашын,
Лашын көктен құласын.
Адамның ісі емес-ай,
Аллаға не амал қыласың!
Дүние жалған бір тұтам,
Қайғыланып қан жұтам.
Жалғызымды құдайға тапсырдым,
Мен оны қайтіп ұмытам.
Базардан келген шай қасық,
Отырушы едім қарғам жайғасып.
Кеше отырған құлыным
Қайда кетті адасып?
Жүк үстінде көк құран,
Моллалар ашып оқыған.
Құраның сенің тиылмас,
Дастарқаның жиылмас.
Базардан келген елеген,
Елеген шетін емерген.
Қанша бір ұрсып жатсам да,
«Қалайсың, шеше» демеген.
Тау дегенім тас болды,
Тайлақтың жүні бос болды.
Айрылмайын деген құлыным,
Міне, бүгін жоқ болды.
Белдеуден тұлпар шешілді,
Бейіске қарай жосылды.
Құлынымнан айрылып,
Біле алмай тұрмын есімді.
Ұшайын десем қанат жоқ,
Киейін десем манат жоқ.
Жылады деп, жұртым, сөкпеңдер,
Бұл күнде менде тағат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі