Бөгежек Мампаңды жоқтау
Біссимиллә деп әуелі,
Кітапта бұрын айтылып,
Әуел бастан жар салған.
Бес намазға палуан
Қызметін бар салған.
Елу жылдай ел сұрап,
Халқының ісін басқарған.
Толып жатыр халықта
Ерте туып кеш қалған.
Түбіріндей мешіттің,
Кем-кетігін еске алған.
Орынында өзінің
Бір баласы жас қалған.
Егесіп жүрген дұспанның
Алдынан шығып қасқайған.
Жұртқа лайық кісі еді,
Тізесінен май тамған.
Сырттан соққан қаладай,
Айрылып тұрмын мампаңнан.
Біссимиллә деп әуелі,
Сөз бастайын сүреден.
Өзге өтірік болса да,
Ақ өлім шын деген.
Көңілімдегі арманды
Айтайын сөйлеп тілімнен,
Таратыны қыстау ғып,
Жанатыны күздеген.
Он алтымда қосылып,
Жолдас болдым сізбенен.
Он үш жылдай бір жүріп,
Ажырастың бізбенен.
Ешкім қашып құтылмас
Ақ өлім деген тізбеден.
Бұрынғының сарқыны,
Айтайын бастап көнеден.
Араласып жауапқа
Азамат болған немерең.
Кем-қарысқа жетпесе,
Қолынан пұлын төлеген.
Қайран менің асылым,
Бар еді-ау сондай өнегең.
Қолынан беріп мәнсәбін,
Жалғаннан қайтып жөнелген.
Бұлтындай жаңбырдың,
Аралай сөзін себелік.
Жер бетіне жаралып,
Не келмеген, не кетіп.
Аман тұрса арт жағы,
Жетіліп кетер теңеліп.
Қалысбек ермек болмаса,
Жалғаннан қалдым не көріп.
Айтайын деп келемін,
Және бір сөзге ағындап.
Көлеңке болған мампаңым,
Іздесем, қайдан табылмақ?
Тәкәппарлық қылмадым,
Дәулетіңді ауырлап.
Кесек байлық көргем жоқ,
Дәулет біткен шағындап.
Бүтін жақпай сырмайын,
Тоқтатып тұрмын шағындап.
Орнында қалған жас бала,
Әкесін ойлап сағынды-ақ.
Салып қойған сандыққа,
Сары алтындай сақтаулы.
Бұл кісіні жасынан,
Ат үстінен бақ шалды.
Шығарында жайлауға,
Өрлей көшкен Шапшалды.
Тірісінде көзінің,
Бәдясын атқарды.
Жолдасынан айрылып,
Ақ некесі дақ қалды.
Бәдясы туралы
Шілбі ақын берген қағазын.
Туысым деп оқыған,
Бердібек молла намазын.
Бірге жүріп, бір тұрған,
Дарағы кімнің сынбасын?
Еске түссе мінезі,
Көз жасым қайдан құрғасын?
Кезегінде сөзімнің,
Бір айтып өттім турасын.
Үлкен-кіші, кәріге
Қадірлі болған бір басың.
Жаңа білдім жалғанның
Басымызда тұрмасын.
Құдай, аман сақтай көр,
Артына қалған мырзасын!
Елге жайлы жасыңнан,
Жұртқа лайық туғансың.
Еріксіз күні құрысын,
Көсем де болған ұрғашың.
Орнында қалған баласы—
Қалысбек болса қарғадай.
Сүйенерден айрылып,
Артында қалдық далдам-ай.
Құдай қойса жетіліп,
Азамат болар Самдағай.
Жұмыр басты пендеге
Уайым түсер әрқалай.
Бөтен айтып қойдым ба,
Жоғары-төмен аңдамай.
Алдап жүрген дүние,
Алып сатар саудадай.
Бір жазуы әрібімнің
Басына келер аунамай.
Екеу болып туыпты
Есенқұлдың баласы.
Мәмбетқұл, Асан дейді екен,
Енді осыдан ажырар
Баласының арасы.
Беріден туып тарапты,
Ақай, Тоқай, Бурабай...
Бірталай жанның қаласы.
Бата алған кісі ғайыптан
Келінбай екен шамасы.
Жеті ұлы бар кісі екен,
Қолының жеткен саласы.
Мәулім деген бәйбіше—
Бұлардың тапқан анасы.
Мұнан кейін сөзімді
Айтайын бастап Кенжеден.
Кенжетайдан бес бала,
Ажыратып бөлмеген.
Жұрттың бәрі біледі,
Болмаса біреу көрмеген.
Өз әкесі мампаңның
Шаруасын жөндеген.
Артық сөзім жоқ шығар,
Сырмай жағып өңдеген?!
Осы кісі болыпты
Алысқа қолын сермеген.
«Жолболдылар» бар екен
Ақаязды жерлеген.
Пендесіне қу заман
Екі айналып келмеген.
Нүсіп, Мазақ бір құдаң,
Атаның ұлы белдеген.
Басқы болыс солар боп,
Жақын жүрдік өзгеден.
Осы кісі сөйлесіп,
«Есенқұлды бөл» деген.
Ішінара ғана бар шығар,
Ақ сұңқар құстай жем жеген.
Сөзін қостап біреудің
Жетегіне ермеген.
Ерте жатып жай тұрған,
Заманым бар ма жылдағы.
Ағайынды қосып айтайын
Жоғары, төмен қырдағы.
Төрт жүз отыз түтін бар
Есенқұл болған шумағы.
Жаманты мен Қос етек
Шапшал деген судағы.
Қайсы бірін айтайын,
Арада қалған жылғаны.
Нөкежанға барғандай
Ендігі сөздің ырғағы.
Уыздығы жарыған,
Дәулетті кісі бұл дағы,
Құрбысына қош айтпай,
Неліктен көңіл мұздады.
Айнабек, Күнде үшеуі—
Замандас өскен құрлары,
Көңілін сұрап қоштасып,
Келіп қайтқан кісі бұл дағы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі