Өлең, жыр, ақындар

Ысқақ Үкірдайды жоқтау

  • 31.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1833
Дөртуіл деген ел еді,
Үкірдайды айтайын.
Атқа мінген шағынан.
Он алты жыл тақ мінді
Айдынының зорынан.
Зәресі жанның қалмаушы ед,
Шабарманы шақырған.
Ел-жұртына қадірлі,
Ақтарылған ағынан.
Айтулы нағыз ер еді,
Дос-жұртына танылған.
Алмас семсер секілді ед,
Кезеліп жауға шабылған.
Алмайтын жауы жоқ еді,
Бет алып шыққан жағынан.
Ұры-қары, содырдың
Тас ошағы шағылған.
Әділ билік—сарабы,
Дертке шипа табылған.
Тілеуші еді халайық,
Таймасын деп тағынан.
Қаралы тап боп қазаға,
Айрылдық тастап бағымнан.
Сөзімнің басы биссимилла,
Айтайын, жұртым, мұң тыңда.
Көкірегім шер болды
Дүние шолақ құрғырға.
Ажалдың оғы кез болды
Бақшадағы бұлбұлға.
Биссимилла, сөздің арасы,
Молдалардан сұрашы.
Мұңымды жырға қосайын,
Жеткенше тілдің шамасы.
Ажал құрығы жеткенде,
Пенденің болмас шарасы.
Тағдыр келіп көз жұмдың,
Атекем, елдің панасы.
Қанша мұңмен зар төксем,
Қайғының бітпес жарасы.
Төлегетай бабамның
Төрт ұл екен баласы—
Садыр, Матай, Дөртуіл,
Қаракерей ағасы.
Әулие затты жан екен
Найман шал деген бабасы.
Жалғыз ұлы өлгенде,
Найманның кеткен бағасы.
Келінін тартып алам деп,
Арғынның алты баласы.
Би алдына барыпты,
Осылай болып арасы.
Аз болса да дөртуіл,
Білдіртпедің азыңды.
Жау мен дауда алмастай,
Асырдың асқақ сөзіңді.
Шинжияң ұлығы қадірлеп,
Бағалаған өзіңді.
Айбыныңнан ығыстап,
Табанда дұшпан езілді.
Дөртуілдің басы еді—
Жұмағұл, Баттал, Тінібай.
Қаны бір туыс емес пе,
Сары алтынның буындай.
Үзеңгілес жолдасың—
Рақым, Сыдық, Күдері-ай.
Олардай кісі табылмас,
Артықша болған бәрінен.
Хан атам еді ақ алмас,
Айрылып қалдық асылдан,
Басқан ізі табылмас.
Байғараның басы еді—
Бейсебай мен Бітімбай.
Ақылы артық кісі екен
Бұрынғы өткен Қайыңбай.
Оразғали зәңгі боп,
Арғымақтың тайындай.
Қосылды жастар қатарға,
Сөйлесе, сөзге айдынды-ай.
Бұрынғы өткен жақсылар—
Оспан менен Мәсәлім.
Шайқы, Сығай, Жайырбай,
Таңғыт болған тұтқасы-ай.
Солармен теңдес жан атам,
Өмірінің болған қысқасы-ай.
Атекем өтіп кетті ғой,
Кімнен қалмас бұл жалған.
Қали, Қажи, Берлікбай,
Жұмық, Тоғас, табынан.
...................................
...................................
Байтоллаға тауап қып,
Көңілінің ағынан.
Атама жолдас, тілеулес
Атқа мінген шағынан.
Пәниден көшті бақиға,
Опасыз дүние жағынан.
Ноғайбай қажы бір құдаң,
Сүлеймен, Медеу баласы.
Бір туысқан екеуі,
Көңілінде жоқ аласы.
Медеу екен бәріне
Ақыл берер данасы.
Жас қалған бала-шағаға,
Сүлеймен болған панасы.
Атекемнен айрылдық,
Дүниені қарашы!
Әлімғазы, Қанағат,
Баталасқан құдаңыз.
Айрылып кеткен Қанағат,
Қабыл болмай дұғаңыз.
Әлімғазы құдаңыз,
Қадірлес тату сүйек ед,
Ат ізін салмай жазы-күз.
Атекем, сізден айрылып,
Ішіме толды қайғы-мұз.
Ілгідай Қасен жолдасың,
Ақылы бірге сырласың.
Жабысып бірі құда боп,
Қызыққаны бір қасың.
Үкірдай өткен кезінде,
Жер алыс хабар бере алмай,
Шәуешекте жүр екен.
Содан келді Нұрақай,
Жаназаға еніпті.
Шағжыға бара алмай,
Топырақ салмай кетіпті,
Опасы жоқ дүние-ай!
.....................
.......................
Бұл жалғанда жазылмас
Жүрегімнің жарасы.
Артында қалып жылайды
Бөлекбай деген ағасы.
Ұлға басын балаған
Нұрғайша еді баласы.
Ұлдан артық көретін,
Дүниеден көшті бабасы.
Төлеуқан, Қайраш немере—
Көзінің екі қарасы.
Отарға келіп көрмеді,
Көңілде қалып наласы.
Қыдырмолла жете алмай,
Көрмеді ол да қарашы.
Топырақ салып үлгерді,
Сол еді жалғыз баласы.
Әуелі Алла жылайын,
Бір өзіңе бас ұрып.
Тумақ—сүннет, өлмек—хақ,
Кімге келмес бұл құрық.
Құлады шынар тірегім,
Сүйенем кімге асылып.
От болып жанған жүрегім,
Су сепкендей басылып.
Иманды болғыр, жан атам,
Қара жер қалды жасырып.
«Бейсенбі күні өтем» деп,
Жиғыздың шөтік баласын.
Нәзір беріп, хатым қып,
Аямаған мол асын.
Көп зарламай қояйын,
Молдалар құран қозғасын.
Иесіз тастап кетті ғой
Ауыл-аймақ ордасын.
Артта қалған бала-шаға,
Кейінге берсін мол жасын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ескі ән (4-нұсқа)

  • 0
  • 0

Астымда атым мінген Бозойнақ-ты, Ахау!
Жиылып бүгін түнде қыз ойнапты.
Ішінде ойнағанның өзім жоқпын, Ахау!
Орнынан тауып алдым жез оймақты.

Толық

Қарғалы

  • 0
  • 0

Басынан Қарғалының ел айрылған,
Қаршығам қазға салған тез айрылған.
Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма екен,
Елінен өлі айрылмай, тірі айрылған.

Толық

Сайра

  • 0
  • 0

Маңдайың біткен жазық бақ тамғандай,
Көзіңіз қараңғы үйде шам жанғандай.
Әзілмен бір-екі ауыз сөз сөйлесең,
Естіген жан жамағат таң қалғандай-ай,

Толық

Қарап көріңіз