Өлең, жыр, ақындар

Малыбекті жоқтау

  • 31.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2643
Биссимилла деп бастаймын,
Одан кейін зарымды.
Өміріме өрт кетіп,
Ай менен күнім жабылды.
Замана ақыр орнады,
Кең дүнием тарылды.
Жалғызымнан айрылып,
Болып тұрмын шабынды.
Ұшырғаны-ай Құдайым
Басымдағы бағымды.
Жас басымды қуартып,
Сындырғаны-ай сағымды.
Тоты құстай құбылған,
Алып кетті сәнімді.
У мен дертке талатып,
Тастап кетті жанымды.
Санаменен сарғайып,
Болғаным-ай салынды.
Байғұздайын қақсаймын,
Құр сүлде ғып жағымды.
Амал бар ма, қайтейін,
Махбұзда сондай жазылды!
Жастайымнан сорлы боп,
Байланғаны-ай бағымның.
Езілгенде еріксіз,
Көзімнің жасы ағылды.
Парасатты маңғазым,
Қайран менің сабырлым.
Үлкен үйді басқан ең,
Діңгегіндей ауылдың.
Жасы кіші болғанмен,
Жолы үлкен азулым.
Дауасыз дертке кез болып,
Оразада ауырдың.
Ағайын, туған, бақсы іздеп,
Бір күн тынбай сабылдың.
Бірі себеп болмады
Садақа еткен малыңның.
Күннен күнге төмендеп,
Қашқанын-ай әліңнің.
Қоя ма деп бір жанын,
Ала жаздай зар ұрдым.
Амал бар ма, қайтейін,
Өзіне жөн тәңірдің!
Жылаумен өткен заманым,
Бұрынғыдай күнім жоқ.
Тең құрбымнан кем болдым,
Жайнап тұрған күнім жоқ.
Қураған ағаш мен болдым,
Басыма біткен бұрым жоқ.
Алдыңда аға, қайтейін,
Арт жағыңда інің жоқ.
Атаңнан қалған мұраңа
Ие болар ұлың жоқ.
Жаным жасып зарлаймын,
Қу жағымда тыным жоқ.
...............................
...............................
...............................
...............................
Көпке берген Құдай-ай,
Бізге берген ұлың жоқ.
Албырт болып отырмын,
Белгілі соққан жыным жоқ.
Маңдайымнан көрмес ем,
Адамға айтар тілім жоқ.
Мұңлық-Зарлық болған-ай,
Менің айтқан сөзімнің.
Дауасы жоқ қайғыға
Келгені-ай, жұртым, кезімнің.
Жайдарлы туған жалғызым,
Түріндей жібек кежімнің.
Балдырғандай кезінде
Кезіккені-ай өлімнің.
Жалғыз шыққан бүрленіп,
Жұлынғаны-ай көгімнің.
Енді маған тірі боп,
Керегі не өмірдің.
Қайғырғанда қан жұтып,
Ішімді дерт кемірдің.
Өксігенде өкініп,
Көзімнің жасы төгілдің.
Өз құрбымнан кем болып,
Оты өшті көңілдің.
Жалғызымнан айрылып,
Қайнағаны-ай сорымның.
Жазуына амал жоқ,
Құдіретті кезімнің.
Артында тұяқ қалмады
Арманда кеткен ерімнің.
Жастай ажал кезікті,
Қаңтарда соққан дауылдай.
Жас кетпеді көзімнен,
Көктемгі жауған жауындай.
Қайран менің бекзатым,
Жарылмаған қауындай.
Үзілмеген киелі,
Алтын тұғыр бауындай.
Адыра қалған ақ орда,
Иесіз қалған ауылдай.
Атың өшті аталған,
Отың қалды жағылмай.
Қарындасы, шешесі
Көздің қара, ағындай.
Ботасына боздады,
Күндіз-түні зар ұрды-ай.
Неше өліп-тірілді,
Жаны, сірә, алынбай.
Сәні кетіп сарғайды,
Суда қалған салындай.
Қарындасы Еркежан
«Тәтешім» деп, сағынды-ай.
Ет бауыры езілді,
Іші күйді жалындай.
Өте шықты сұм жалған,
Бәйге атының шаңындай.
Түнек басты түңіліп,
Кең дүнием тарылды-ай.
Жаным жасып зарлаймын,
Ешкім таппай бабымды-ай.
Тәңір неге қойды екен,
Қинағанша жанымды-ай!
Ауыл-елге ардақтым,
Зұлпықардың сабындай.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бөбек-ай

  • 0
  • 0

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Шалқыған асқар таудай асыл күнім,
Бұ дүниеде ешнәрсеге тына алмаған.

Толық

Абайкөк (екінші нұсқа)

  • 0
  • 0

Домбыра екі шекті жұқа қақпақ, ай, абайкөк,
Тар жерде қиын екен өлең таппақ.
Әй, өтесін, күнім, амал жоқ!
Кіші – іні, үлкен – аға отырғанда, ай, абайкөк,

Толық

Арғы-ай жағы-ай, Ертістің

  • 0
  • 0

Арғы-ай жағы-ай Ертістің үйген боқтық,
Орыс-ноғайға қор қылған, қайран, жоқтық.
Қарағым, қалқам, Әлима-ай,
Қайтіп бір сені-ай, көрем-ай.

Толық

Қарап көріңіз