Бесік жыры

Бұл бетте «Бесік жыры» атты Мағжан Жұмабаев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 23.09.2019
  • 0
  • 3
  • 38569
Күнім, айым,
Еркетайым,
Бөлейін енді.
Тыста дауыл,
Жатқан ауыл,
Ұйқың да келді.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
Ұйықта, жұм көзің.
Құлыншақтар,
Қозы, лақтар –
Бәрі де ұйқыда.
Сен – жұлдызым,
Сен – көз нұрым,
Кір тәтті ұйқыға.
Сая жаным,
Балапаным,
Соқса дауыл, жел,
Болма алаң,
Сүйген анаң
Сақтар, анық біл.
Бәу-бәу, бөпем,
Бәу-бәу, бөпем,
Әлди, әлди-ай!
Сәулем, еркем,
Күні ертең
Толарсың сен-ай.
Пісіп алмам,
Толып бағлан,
Жүгіріп жүрерсің.
Сұлу сүйрік,
Жорға, жүйрік
Тайға мінерсің.
Қара жарғақ,
Түлкі тымақ
Шоқтап киерсің.
Қуанып, қалқам,
Ерке марқам,
Қысып сүйермін.
Мініп тұлпар,
Алып сұңқар,
Тауға кетерсің.
Сен боп сөзім,
Жасты көзім,
Сағынып күтермін.
Қызық іздеп,
Қыздар көздеп,
Елдер кезерсің.
Тарлан шүйіп,
Сұлу сүйіп,
Үйден безерсің.
Қуып бақыт,
Тілеп тақыт,
Жолдар шегерсің.
Жүрек жара,
Мен бейшара
Жастан төгермін.
Қайнап қаның,
Батыр жаның
Ерікке ұмтылар.
Сен еріме –
Жас бөріме
Қарсы кім тұрар!
Алмас қылыш,
Найза құрыш
Белге буарсың.
Сен, сырттаным,
Арыстаным,
Жауды қуарсың.
Туған жерден,
Өскен елден,
Ерге не қымбат!
Жас жолбарыс,
Жаумен алыс,
Шаңға, қанға бат!
Айбатыңды,
Қайратыңды,
Көріп қарт анаң,
Төгіп жасын,
Жайып шашын,
Тілер: «Бол аман!»
Күтем, күйем,
Көрсет, Ием,
Сол алтын күнін.
Ұйқың тәтті,
Ұйқың қатты,
Қозым, құлыным.
Жаным да сен,
Тәнім де сен,
Қарашығым-ай!
Әлди, бөпем,
Әлди-бөпем,
Әлди, әлди, әлди-ай!


Пікірлер (3)

Гулбахар

КЕРЕМЕТ

Абай құнанбаев

Жақсы

Нұрай

Кушті

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бесік жыры өлеңінің авторы кім?

Мағжан Жұмабаев — осы өлеңнің авторы.

Бесік жыры өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Бесік жыры өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Мағжан Жұмабаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бесік жыры өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері