Өлең, жыр, ақындар

Ұстаз

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 500
(Әбілфайыз Ыдырысовқа)

Қашанда орның бөлек кең ортада,
Жүрегі жылылыққа жомарт аға!
Ұлылық үлгісінен нәр жинадың,
Секілді бал жиғандай омартаға.
Жылдарға ой тастаумен жылжып өткен,
Алдыңнан талай­талай күлді көктем.
Сен бізді өз балаңнан кем көрмедің,
Өзіңді біз де сүйдік шын жүрекпен!
Өрелі өнегеңнен алдық тәлім,
Ешқашан туымызды сен жықпадың.
Қызыл көз қожайындар қиқу салды,
Ұрыға алдырғандай барлық малын.
Кімдерге тізгін берген мына жалған,
Қуғанмен жеткізер ме құлан­арман?!
Ғұмыры көңілі тардың құрдым келер,
Затындай қайыршының сұрап алған.
Жақсы аға, деме сөзден ауытқыды,
Екшейді бар мен жоқты халық түбі.
Тұғырдың семіздігі көзге ұрады,
Жүйріктің білінбейді арықтығы.
Немене жігіттерге жетпіс деген,
Жасында жалын шайнап, от тістеген!?
Үңілсем, басқан ізің сайрап жатыр,
Қарасам, ақ жүзіңе дақ түспеген!
Әбеке, аздық қылар алғыс саған,
Жыр құсы қашан самғар енді ұшпаған!?
Аяғың ілінбесін кәрілікке,
Таяғың сүрінбесін сәнге ұстаған!
Келемін қаршадайдан сөзбен байып,
Мен де бір көк теңізді кезген қайық.
Құдай­ау, көлеңкеңді қайдан табам,
Бір күні бола кетсең көзден ғайып?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сәукеле тағып аспаның

  • 0
  • 0

Сәукеле тағып аспаның,
Жұлдызың жамырағанда,
Құпия сезім астарын
Ашпағын, жаным, адамға.

Толық

Салыстыру

  • 0
  • 0

Өз қолымен дән егіп, кен қазбаған
Талай жандар отқа түсе жаздаған.
Молшылықтың білу үшін қадірін
Жоқшылық та керек екен аздаған.

Толық

Балқаштың соңғы жолбарысы

  • 0
  • 0

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны.
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей
Қалың қопа кешегі болған бағы.

Толық

Қарап көріңіз