Өлең, жыр, ақындар

Мен қазақ қыздарына қайран қалам!

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Батылдықпен биіктікті армандаған.
Сұлулыққа даналықты теңестірген,
Оларға бар құшағын жайған ғалам.

Бар аңыз аңыратқан қыздар жырын,
Қыздарға теңестірген қырдың гүлін.
Қыз деген – бар ақылдың қазандығы,
Мейіріммен жібіткен іштің мұңын.

Не десең де қыздарға жарасады,
Сыңғыры күлкісінің қыр асады.
Қазақтың тарихында талай ару
Шындық боп шежіреге ұласады.

Томирис қыз - сақтардың патшайымы,
Кемеңгер ойлар шашқан бар пайымы.
Айбыны асқан келбетті, сұлу, ер - қыз,
Қазақтың қыздарына ең лайығы.

Кирді өлтіріп,жайылған ерлік ісі,
Қатігезге қарсы тұрған қыздың күші.
Ерлігімен үндескен сұлулыққа,
Таң қалардай тосыннан көрген кісі.

Зарина жалғастырған бұл ерлікті,
Сақтар елі Заринамен бір дүрлікті.
Рух беріп айбынымен, келбетімен,
Нұр шаштырып ашқандай үй-түндікті.

Даналықтың символындай болған аңыз,
Домалақ,Ұмай ана,Айша анамыз.
Дәл осылай үлгі боп жарасатын,
Қазақтың қыздарына бір қараңыз!

Терең сезім,нәзіктік бар бойға жиған,
Соның бәрі ар менен ойға сыйған.
Рең келбеті жарасып тәнге біткен,
Сәулетшінің мүсініндей қолдан құйған.

Қазақ қызы өр тұлға,дара тұлға,
Дайын әркез өрлігін жаратуға.
Әлия да талпынды қайсарлықпен,
Әлемді бейбіт күнге қаратуға.

Тым жас кетті..., Десе де асқақ еді,
Батырлықтың шегінен аспап еді.
Отан деген жүректің арқасында,
Отанының атанды Асқақ Ері.

Сұм соғыстың арасында оқтар жауған,
Талдырмаш қыз ерледі шоқтай жанған.
Аждаһадай боп төнген дұшпандардан,
Қорықпастан майданда Мәншүк болған.

Мәншүк пенен Әлиядай ел құндызы,
Құрметтеген келешектің ұл мен қызы.
Тарихта да өрнекті орны қалған,
Шығыстың қос шынары,қос жұлдызы.

Қайран қалам мен қазақ қыздарына,
Төзе білген тағдырдың ызғарына.
Кешегі желтоқсанда желді күні
Жер басқан жалаңаяқ мұздағына.

Есімдері ерлікпенен ерегескен,
Ақ мұзда сол ерлікпен ескек ескен.
Сәбира мен Ләззаттай қыздарымыз
Күрескен әділетсіз төбелеспен.

Әділдік ұяласқан қайсарлықпен,
Қыз жүрегі соғады аңсарлықпен.
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Сезімдерін әрлеген жайсаңдықпен.

Шаңырақтың киесі қыз баласы,
Жүрегінде жайнаған жыр даласы.
Қыз - келін, жеңге, жар ғой бар адамға,
Қыз деген - адамзаттың ОЛ, - АНАСЫ!

Шаңырақ,Қазақ қызы егіз ұғым,
Шаңырақсыз болмайды үй де бұйым.
Қазақ қызы – шаңырақтың шамшырағы,
Шаңырақтың қыз деген - нұр-шуағы.



Пікірлер (2)

fazillin

"мен қазақ қыздарына қайран қалам" деген тырнақшаға алынуы керек, себебі плагиат болып есептелінеді, плагиатты сотқа беруге де болады,(тырнақша үшін)

Қуандық

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫНАН АЙНАЛДЫМ

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз