Бозбалалық романс – Ерлан Жүніс

Бұл бетте «Бозбалалық романс» атты Ерлан Жүніс жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.11.2019
  • 0
  • 3
  • 5538
Бозбала күні сүйгені,
Жадынан ердің кетсін бе,
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Нәби де нәркес, жан нұрлы,
О, қайдан теңеу таппақпыз?!
Қызыл гүл – қыз тағдырлы,
Гүл тағдырлы аппақ қыз!

Сарғалдақ гүлді сүйгенсің,
Көктемі ме еді ол ойыңның,
Алқызыл көйлек кигенсің,
Жеткені ме еді ол бойыңның.

Сыйладым ақ гүл – достық па,
Алқызыл көйлек – қызғаныш?
Тағдырды ойша қостық па,
Аштық па жаңа біз ғарыш?

Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба,
Сезімге сұлу арбалыпt,
Сүйіскен жоқпыз аязда,
Нөсерде жазғы қалмадық.

Есейе бердік ашылмай,
Есейген сайын жабыла.
Сары, қызыл қосындысындай,
Бір бояу сіңді жаныңа.

Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті сені де,
Сол бір түс маған тым бөтен
Бейтаныс етті мені де.

Уақыт бәрін биледі,
Бәріне уақыт жетсін бе?
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!


Пікірлер (3)

Медеу

Ең қысқа өлеңі қайсысы

Омар

Суретіне немесе суреттің астында аты бар соны бассаң барлық өлеңі шығады сол жерден қарап көруге болады

Жұлдыз

Өлең өте әсерлі жазылған, оқығанда бірден көңілге жетеді.

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері