Өлең, жыр, ақындар

Ержүрек шөже

  • 15.12.2019
  • 0
  • 0
  • 2298
Көк тұмандай тондары,
Жермен-жексен бойлары.
Ағайынды бес тышқан
Жайлаған бай қойманы.

Шеттерінен тоқ бәрі,
Алаңдатар жоқ қамы.
Тұрқы қысқа демесең,
Майлы ішектей соқталы.
Ай-жұлдызсыз түндері,
Желсіз, бұлтсыз күндері,
Қойма іші мәңгі жаз,
Қоңыр салқын жыл бойы.

Бес тышқанның мұндағы
Берекелі қырманы.
Таудай болып үйіліп
Жатыр арпа-бидайы.

Баданадай ақ дәнді
Бас көтермей жалмайды.
Бірақ бұлар жүз жылда
Жеп тауыса алмайды.

Қомағайлық бойдағы
Ac тілеуін қоймады.
Қарындары тойғанмен,
Аш көздері тоймады.

Тышқан болып туғалы,
Жайбарақат жүр бәрі.
Батқан емес бұларға
Еш мысықтың тырнағы.

* * *

Көңілді еді топ бүгін,
Жақтарында жоқ тыным.
Қалды бірі кекіріп,
Білдіргендей тоқтығын.

Іс болғандай ұятты,
Туыстардың бірі айтты:
– Күнде жеген шикі дән
Кекіртетін сияқты.

Алған әбден семіріп,
Айтты бірі ерініп:
– Қашанғы жей береміз
Жатқан дәнді төгіліп?
– Тышқан болсақ егер біз,
Бидай жемей,
Не жейміз?
Жатпаса астық үйіліп,
Қыста аштан өлерміз, –

Деді бірі қызынып,
Дереу өңі бұзылып.
Сонда басқа біреуі
Сөз бастады сызылып:

– Сақтап жүрген қу жанды
Қорламайық бидайды.
Бірақ қашып қайтеміз,
Тағам болса шын дәмді.

Кенже тышқан бір мезет
Үлкендерше тіл безеп,
Мақтап кетті құймақты,
Жүргендей-ақ күнде жеп.

– Құймағыңды қой әрі,
Жемесек те болады, –
Деді ұнатпай ағасы
Мәртебесі жоғары.

– Қойдың қою қаймағы,
Болса керек пайдалы, –
Деді біреу селқостау,
Соза түсіп дауды әрі.

Бірақ қаймақ туралы
Жұрт салғырттау тыңдады.
Болады ғой әркімнің
Құмартатын бір дәмі.

Ақырында төрдегі
Аға тышқан сөйледі.
Болар соған белгілі
Ас атаулы жердегі.
– Мына жарық жалғанда
Жұмыртқадай дәм қайда!
Татпасаңдар оны егер,
Өтесіңдер арманда!

Өзі қандай сабырлы,
Сөзі қандай жалынды!
Аузын ашты дегенше,
Ac төресі табылды!

Аға тышқан беделі
Алатаудай зор еді.
Бас изесіп барлығы,
Қарсы ештеңе демеді.

Аға тышқан мақтаған,
Өздері үнсіз жақтаған
Жұмыртқаны ешқашан
Ешбіреуі татпаған.

* * *

Туысқандар тоқ қарны,
Білмейтін көп жортқанды
Бір қауіпті жорыққа
Аттануға оқталды.

Лезде бәрі бірігіп,
Жұдырықтай жұмылып,
Қоңыр салқын қоймадан
Шықты сыртқа шұбырып.

Сыртта қандай күн жарық,
Дүние тұр нұрланып.
Көз жіберді маңайға,
Көк тышқандар ұрланып.

Сүйреп шидей құйрығын,
Жетеді деп кім бұрын,
Сырғанады сынаптай,
Басып озып бір-бірін.
Жүрген сайын ілгері
Діңкелетті қыр жолы.
Енді қалай барарын
Ешбіреуі білмейді.

– Қонақ едік құдайы,
Тауық қайда тұрады? –
Деп батылдау біреуі
Күшіктен жөн сұрады.

– Үшінші үй алдағы,
Темір тордан шарбағы, –
Деді күшік ұнатпай,
Тышқандарды қайдағы.

Қабырғасы торланған,
Айналасы орланған,
Тауық үйі кем емес
Көрінеді қорғаннан.

Көбік қардай бір күрек,
Тауық жатыр үлбіреп.
Ту сыртынан барлады,
Туысқандар сужүрек.

Ұябасар қардай ақ,
Жатар емес жай қарап.
Жайлап қана шайқайды
Жұмыртқасын аймалап.

Жауырыны бүлкілдеп,
Көмейінен күркілдеп,
Төңірегін қымтайды
Тұмсығымен түртіңдеп.

Мұнымен де тынбайды,
Қос қанатын ырғайды.
Бүйіріне құлақ сап,
Жұмыртқасын тыңдайды.

Күн жеткенін межелі
Жүрегі анық сезеді.
Бауырына басады,
Бүгін-ертең шөжені.

Жұмыртқасын қорыған
Бермес мынау қолынан,
Деп ойлады ұрылар
Ту сыртынан торыған.

Ақ мекиен алаңдап,
Маңайына қарайлап,
Тысқа қарай беттеді,
Қайту үшін самалдап.

Күн төбеге келгенде,
Шығатын ол серуенге,
Тарап қанат-құйрығын,
Сілкінетін кең жерде.

* * *

Қуаныса шіңгірлеп,
Тордың астын үңгірлеп,
Аңдушылар асығып
Ішке кірді бір-бірлеп.

Тапқан сәтте керегін,
Білмеді олар не дерін.
Ұя толы жұмыртқа,
Ине шаншар жоқ орын!

Мұндайды алғаш көргесін,
Білмей сенер-сенбесін,
Шыр айналып бастары,
Жинағандай болды есін.

Байқатқан шын бірлікті,
Жорық болды бұл құтты.
Күткен емес бауырлар
Мұндай батпан құйрықты.
Мына байлық қымбатты
Жүректерін тулатты.
Жарар еді бүйректен
Шығармаса сирақты.

Тұрған қаздай тізіліп,
Туысқандар қызынып,
Тікірейді мұрттары,
Ниеттері бұзылып.

Бастап бергі шетінен,
Бөліссе де ретімен,
Жетер еді жұмыртқа
Ең кемінде екіден.

Қалмас үшін керісіп,
Көк тышқандар келісіп,
Бәрін пышақ үстінен
Алмақ болды бөлісіп.

Жұмыртқалар жылы еді,
Соғып жатқан жүрегі.
Аунап түсті ақырын
Оң жағына біреуі.

Лaп қойысты анталап,
Қалғаны жоқ жай қарап.
Әкетпекші әр тышқан
Өз еншісін арқалап.

Не арқаға тұрмады,
Не құшаққа сыймады,
Ақ малтадай жұмыртқа
Өстіп бәрін қинады.

Арман болған жұмыртқа
Көнбеген соң ырыққа,
Мысы құрып біржола,
Тірелді кеп тұйыққа.

Сәт туғанда сыналар,
Қатты састы мыналар.
Қағылғаны тағамнан,
Таба алмаса бір амал.

Аға тышқан ақылды,
Басын жеке қатырды.
Тұр өзіне тіреліп,
Ел үміті ақырғы.

Қыл үстінде тұрғанда
Қайдан барсын шын дауға.
Бас шұлғысты барлығы
Бір жұмыртқа ұрлауға.

Жұмыртқаны шеттегі
Қағып алып көп қолы,
Домалатып дөңбекше,
Қойма жаққа беттеді.

Бөгелместен жол бойы,
Қолтықтары терледі.
Қарындары қабысып,
Майысқандай белдері.

Артта ауыр жол қалып,
Жоталарын жел қағып,
Жұмыртқаны аман-сау
Кең қоймаға келді алып.

Көңілдері жайланып,
Үлкен іске қамданып,
Олжаларын байқасты
Әрлі-берлі аударып.

Жиналғандар маңына,
Байқамады тағы да,
Жұмыртқаның азырақ
Ауғанын бір жағына.

Басып көріп бүйірін,
Айтты бірі күдігін:
– Алақаным сезгендей,
Әлдененің дүбірін.

Оның сөзі бірақ та
Жетпеді еш құлаққа.
Жыртақтасып күлісті,
Басқасы бұл «суайтқа».

Бойларына жұғымды
Асты ойлап шырынды,
Мешкейлердің аузынан
Сілекейі шұбырды.

Ауыздары майланса,
Жүректері жалғанса...
Тыпыршиды туыстар
Жұмыртқаны жарғанша.

Ел татпаған бұл тамақ,
Болса жақсы бір табақ.
Жалаң қақты ұрылар,
Өз қолдарын уқалап.

Қазан аузы жоғары
Деген осы болады.
Сабыр етсе бір сәтке,
Жұмыртқаға тояды.

Бек риза Құдайға,
Нәсіп берген бұларға.
Бұдан әрі күтуге
Жетер емес шыдам да.

Жырқылдасып бір ауық,
Тойдағыдай қуанып,
Бастай берді жұмысты,
Білектерін сыбанып.

Бірі алып балғаны,
Бірі тауып қайланы,
Бірі отын жаңқалап,
Бірі қазан қамдады.

Тай соярдай кәдімгі,
Бесеу түгел жабылды.
Ә дегенше жұмыртқа
Қақ ортадан жарылды.

Үстінен бу бұрқылдап,
Бөтегесі бұлтыңдап,
Сары шөже ішінен
Шыға келді шиқылдап.

Шырпыдай қос сирағы,
Сояудай әр тырнағы.
Осы болып жүрмесін,
Өздерінің шын жауы.

Бір сұмдықты аңғарып,
Тұр тілдері байланып.
Асыл тағам орнына
Келсе керек жауды алып.

Шөже жүні үрпиді,
Айбар шашып бір түрлі:
– Жылы үйімді талқандап,
Қайсың бұздың ұйқымды?!

Аттан салды біреуі,
Ұшып кеткен үрейі.
Ойбай салды біреуі,
Кемсең қағып иегі.

Құтырғандар ас таңдап,
Көздерінен жас парлап,
Шынашақтай шөжеден
Тырағайлап қашты аулақ.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Араша

  • 0
  • 1

Сүтке малған тұмсығын
Сүртіп отыр бір шыбын.
Төгіп-шашып бұл ақты,
Артық ішкен сияқты.

Толық

Асау

  • 0
  • 0

Мініп алып сабауға,
Асыр салып жүр інім.
Достары тұр маңайда,
Қызық көріп қылығын.

Толық

Бір үйде төртеу тұрамыз

  • 0
  • 0

Бір үйде төртеу тұрамыз:
Өзім,
Ар,
Шындық және Арман.

Толық

Қарап көріңіз