Өлең, жыр, ақындар

Араша

  • 15.12.2019
  • 0
  • 1
  • 6019
Сүтке малған тұмсығын
Сүртіп отыр бір шыбын.
Төгіп-шашып бұл ақты,
Артық ішкен сияқты.
Бөрткен дәндей
Су сіңіп,
Қарны кеткен тырсиып.
Өз салмағын ауырлап,
Алмақ еді дамылдап,
Байқап осы Шыбынды,
Торғай оған шүйілді.
– Сүтке әбден тойынып,
Шыққандайсың шомылып.
Адал асын басқаның
Жетер енді ластауың!

Мына Торғай ашулы
Зәре-құтын қашырды.
Шығармақшы бір бүлік,
Қалды Шыбын шыңғырып.

Мысық естіп бұл үнді,
Бері қарай жүгірді.
Мұртын талдап тараған,
Үстін сәндеп жалаған,
Бар өңінде шын айбат,
Жөн сұрады мияулап:
– Мына әлсіз жәндікті
Шырылдатқан қай мықты?
Торғаймысың кәдімгі,
Ағызайын қаныңды!
Мысық ыршып түсті де,
Төнді құстың үстіне.
Шошып жаудан білекті,
Торғай байғұс шыр етті.

Естіп қалып бұл үнді,
Төбет бері жүгірді.
Жайын ауыз,
Жуан төс,
Томар мойын,
Тұман көз,
Ашу қысқан арландай,
Арсылдап кеп,
Салды айғай:
– Бырт еткізіп беліңді,
Сыпырамын теріңді!
Босат мына Торғайды,
Бұл бейшара неңді алды?

Ит Мысыққа атылып,
Алды тісін батырып.
Мысық шапшаң әрі епті
Қапы қалып,
Шар етті.
Құнан естіп бұл үнді,
Бері қарай бұрылды.
Құрық мойын,
Қыл құйрық,
Шоқтығы зор,
Шын жүйрік
Жерді тарпып үш рет,
Айтты
Итке кісінеп:
– Сен Мысықты жәбірлеп,
Жатырмысың тағы илеп!
Оймай тұрып төбеңді,
Тентектікті қой енді!

Жібергендей ат теуіп,
Жан ұшыра
Жалт беріп,
Шаңқылдады көк төбет,
Шығып алып шеткерек.

Естіп ащы бұл үнді,
Ит иесі жүгірді.
Ұзын сирақ сары бала
Қарап еді айнала,
Көрді өзінің
Құнанын,
Жымырған қос құлағын.
Білмесе де әлі анық,
Айтты соған қадалып:
– Қыңсылатқан мынаны
Сен шығарсың,
Сыңайы.
Бұл жөніне жүрген ит,
Мал қайырып,
Үй қорып.
Қоқаңдама сен бұған,
Түсіндің бе,
Кер құнан?

Шыдамай бұл жалаға,
Құнан айтты балаға:
– Мына төбет бүлдірген,
Арашалап жүрмін мен.

Күдік туып кенеттен,
Жөн сұрады Төбеттен:
– Шу шығарған сенбісің,
Неге сонша толды ішің?

Ит шыдар ма жалаға,
Шындықты айтты балаға:
– Мысық бәрін бүлдірген,
Арашалап жүрмін мен.

Қуып шындық ұшығын,
Тергеді енді Мысығын:
– Айтшы, маубас, сыланған,
Сен бе шатақ шығарған?

Көнбей мына жалаға,
Мысық айтты балаға:
– Анау Торғай бүлдірген,
Арашалап жүрмін мен.

Ең соңында Торғайды
Тергемек боп,
Қолға алды:
– Шу көтерген сен дейді,
Құс едің ғой көргенді?

Шыдамай құс жалаға,
Шындықты айтты балаға:
– Шыбын бәрін бастаған,
Таза сүтті ластаған...

Бала жайды ойланып,
Түсінгендей болды анық.
Қырқысса да манадан,
Мыналардың бәрі аман.
Әлсізге әркім араша
Болған қандай тамаша!



Пікірлер (1)

Ұлжан Биржановна

Өте керемет маған қатты ұнады

Пікір қалдырыңыз

Есектің арқасы

  • 0
  • 0

Жалы желге жалбырап,
Басы жерге салбырап,
Салпаң құлақ сұр есек
Тұрған жалғыз сүлесоқ.

Толық

Асау

  • 0
  • 0

Мініп алып сабауға,
Асыр салып жүр інім.
Достары тұр маңайда,
Қызық көріп қылығын.

Толық

Қызылша

  • 0
  • 0

Көкөніс бұл ғажап,
Атын айтар өзі-ақ.
Қызылшаға құмар
Оқушылар озат.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар