Өлең, жыр, ақындар

Мама базарда, кілт үстелде...

Мама базарда, кілт үстелде, қасында тамақ толы ыдыс. Ертең демалыс, жасың сегізде, келесі айда толады тоғыз. Келесі айда тоғыз, сағат он жарым. Аспан жеңіл де жұмсақ. Перделердің арасына жасырынған Күн қарайды саған жалын сап. Терезе жақтан естіледі бір шу: Айдос ойнауға шақырат. Жасымыз сегізде — білмейміз абыржу, бірақ мама тағы бақырат. Кілт алып қолға, далаға жүгірдім, Айдос бұндайдан майталман. Ол биыл төртінші сынып бітірді, демек, әбден қартайған. Шолақ шалбар мен жеңіл ішкөйлек – бүкіл балдардың сәні. «Маған белсебет теуіп үйрет», «Ха-ха, Айдос кәрі!». Биыл бізде сондай бір тымырсық — Күннің түсі сары емес, аппақ. Оһ, балдармен ойнайық тығылысып, ойнайықшы жасырынбақ! Бәрі біртіндеп тығылуға ұмтылды, іздемекке тек мен жалғыз. Мен асықпай жарға бұрылдым. Жүз, тоқсан тоғыз.

Мама үйінде. Белесебет. Сайтан алғыр, ертең емтихан. Күн сәулесі жалаған конспект жатыр терезе алдында. "Өзіңе жұмыс тап!" – дейді ата-анам, бойым әкеммен теңесті. Келесі айда мен студент атанам, әзірге ешкім емеспін. Нанды пакетке салмадым бекер, майонезді біреу әкелсе... Ыдыс жумасаң жуылмайды екен – неткен қызық нәрсе. Ендігі тентек бала болсам, өзімді тұрғызам бұрышқа. Екінші қабаттағы Айдос қазір екінші курста. Біледі ол барлық ғалымдарды жатқа, салмағы 56 келі (!). Арық, мысқылшыл, бірақ сенім артқан «Қазақстанға 2050». Өз дәптеріне өлеңдер жапсырат, суреттері шынымен ғажап. Бірақ мен тебемін белсебет жақсырақ және әдемірек жазам. Екеуміз де біз – тасыған бір өзен, бір-бірімізден тым жырақ. Бұрқылдайды ол мемлекет десең, тура бір қайнаған бұлақ. Жастар Жылы дей ме, құрысын, бас ауырып бітті айтудан. "Ел үшін" дейді, "мемлекет үшін". Айдос бұндайдан майталман. Күн тез батады атамекен шегінен, бұрындай жоқ ода қимастық. Айдос, естимісің, кете бер жөніңмен, мен бұл үшін тер жимаспын. Жылтыңдап жұлдыздар, себеленген ұнтақ, түнгі аспан сондай айғыз. Ай өз қайғысын жұлдыздарға айтар, ал мен қаламын жалғыз. Айналам түнгі ауа, өкпеде көк түтін, басымда еседі жел. Еркіндік дәмінен ұрттадым бір жұтым, кел мұнда, жалғыздық, кел. Ай жымыңдайды — кекеткені болар, жынданамын үндемей. Жетпіс алты, жетпіс бес. Құрысыншы олар. Мен оларды іздемейм.

Мама білмесін. Күркірейді басым, ішіме кіргендей мыстан. Мысық кеудеме, сәуле көрпеге ыңғайланып жайғасқан. Күн жылтырап жалатқандай алтын жынымды қоздырды қайта. Мені кеше біреу көрді ме жалпы? Оһ, иә, жақсы, айтпа. Бұл бір кішкентай нәпсі дүниенің үлкен құпиясы болсын. Әркім де бұзылған, бәрі де күйеді, жасырып тұрпайы қылмысын. Тамағым ісінген бос мылжыңнан, темекі, өтінем, беріңдер. Бөлмедегі тәндер, бәрі қылғынған, бәрің де кетіңдер! Самалдықтан қоңыр жел бөлмені тербелей, қытықтайды кеудемді. Нәзік қол сипалап шашымды ербегей, келмейді, келмейді емделгім. Үйімізге келер тәтті таңғы ас, бірігіп ақша лақтырсақ. О Жаратқан, мен сені сүйемін, алақандағы кемпірқосақ. Көшені билеуде қарайған бағдаршам, қарбаласқан үні көліктің... Ыдыстарды жуа салшы, жарай ма, өтінем? Сені де сүйем ғой, көріктім. Жұтуға болады таудың ауасын, саяхаттап көк пен жерді. Бірақ бұл жатыспен қай тауды аласың? Тұрып келем әзер ентігіп. Астым ғой баяғыда оядан, бірақ ұйқыдан тұра алмайм, тым-тырыс. Тұрам дейм қазір, шын айтам, оянам. Отыз екі, отыз бір, отыз...

Мама суретте. Есік кілттеулі. Жаз өз қызығын кетірді. Күн сәулесі асықпай зерттеуде өмірден шаршаған бетімді. Шырмалып қарбалас тірлікпен, өмірді сүрмеппін мәнді қып. Айдос түрмеде 15 тәулікке, ал мен түрмеде мәңгілік. Өлеңдер шимайшық, еркіндік ұсқынсыз, белсебет қалды жайында. Жаңаға қараймын көзімде ұшқынсыз, жоқ енді аянбау-тайынбау. Азаттық аяулы менімен қоштаса, сәлемімді айтам тірлікке. Жүзден қайтып санап бастасам, өмірім санайды бірліктен. Мен оны күнде боқтап жыртылып, тіліммен жалағандай көмір. "Жиырма бес", – деймін түріммен ұйқылы, "Қырық"', – деп күледі өмір. Қырық — алғашқы ақ шашың, қырық бір — ауруханада. Жиырма бес — жүресің ақша шашып, жиырма төрт — көңілің далада. Он — бітірдім төртінші сыныпты, қасымда тамақ толы ыдыс. Ертең демалыс. Мама базарда. Келесі айда толады тоғыз. Сегіз — мама ертегі оқиды қасымда, кітапты маған парақтап. Үш, екі, бір. Іздеуге асығам. Көмектесші, о Жаратқан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер