Шаң басқан арман
Әркімдердің санасында әр қилы,
Армандары ақша бұлт боп қалқиды,
Құбылмалы көктембіз ғой сол кезде,
Әрбір күнде қиялдайтын әр күйді
Бала күнім, қатаймаған қанатым,
Қиялдарға, қияндарға баратын,
Көбісінің гелик алу арманы,
Ал менікі велик алу болатын
Күн ұзаққа ойлағаным үшін бе,
Соны жиі көретінмін түсімде,
Жердің өзі былай қалып кей кезде,
Ұшатынмын ақша бұлттың ішінде
Велик тепкен жанды көрсем, мың қарап,
Жылайтынмын, әкеме кеп іңгәлап,
Сол арманым үлкен тарғыл мысық боп,
Көңілімді жататұғын тырмалап
Перзентіне жоқ дей алсын қандай жан,
Мейірімі білінетін шалғайдан,
Бәрі де сол еңбегі ғой әкенің,
Тісің тиіп жеп отырсаң балдай нан.
Қазір балам келіп қалды күз,-деді,
Қыстың кетсін қақыраған мұз белі,
Көктем өтіп, жайма шуақ жаз болсын,
Әперемін,- деп үмітті үзбеді
Оның сөзі емес еді бос алдау,
Жағдайымыз болды сәл пәл осалдау,
Бір жанұя бір айлыққа қарайтын,
Кезең еді үй тұрмысы нашарлау
Күттім содан, артық сөзге бармадым,
Арманымнан айнымадым, танбадым,
Үш ай уақыт үш жүз жылдай болды анық,
Қарқылдаған ғұмырындай қарғаның
Ғұмырындай болған сонда қарғаның,
Мезгіл жетті жаздың сездік бал дәмін,
Алғаш сонда күндері еді маусымның,
Әкемменен үйге келді арманым
Мен қуандым, бақ жұлдызым жанғандай,
Қол жетті деп аспандағы арманға ай,
Теуіп жүрдім оны сонда мәз болып,
Қомақты бір джекпод ұтып алғандай
Содан міне қанша мезгіл ауысты,
Талай арман иесімен қауышты,
Апта мен ай великке ұқсап, өмірдің
Көшесінде бір бірімен жарысты
Уақыт өтті, күн менен түн алмасып
Сағаттарға сағаттар кеп жармасып
Сарайымды ашқан сол бір арманым,
Сарайымда тұр ғой әне шаң басып
Тепсем-ау,-деп қиялдап ем қанша ма ай,
Тепшең көңіл тазалықпен қаршадай,
Әнеу жатқан велик емес шаң басып,
Менің тәтті арманым ғой паршадай
Оны көріп сыздап тұр ау ет жүрек,
Соны көріп мұздап тұр ау ет жүрек,
Велик сынды адамдардың біразы,
Жүр ғой қазір армандарын тепкілеп
Қолың жетсе, арман дейтін арман ба?
Жем болады сарайдағы шаңдарға,
Өзің кейін қалмау үшін шаң жұтып,
Шаң жұқпайтын биіктерді арманда
nurkhat30
Керемет!!!