Өлең, жыр, ақындар

Ер шөгіп, есер ержетті

  • 31.03.2020
  • 0
  • 0
  • 3960
Қылығың жалған туысқан,
Қырт пен мылжың ағайын,
Бәрінен де дауасыз
Өсекті қайтіп бағайын?
Мақтан күйшіл бүркіттей,
Бабын қалай табайын?
Жағымпаз сөз әркімге
Жұмсайтұғын малайым.
Бәрі тегін жер тезек,
Қайсысын таңдап алайын? –
Асыл сөзден бұл кетті.
Келемеж қылып атасын,
Алмай ақыл батасын,
Мойнына алмай қатасын,
Шаруа десе, жиреңдеп,
Өсек десе, сүйреңдеп,
Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаңдасып ұл кетті.
Ағайын араз мал үшін,
Аңдысып алды абысын,
Жаттай болып танысың,
Қазақтан мүлде түңіліп,
Артына қарап үңіліп,
Қайран талай жыл кетті.
Аңдығаны жілік боп,
Тілегені бүлік боп,
Момынды сорып сүлік боп,
Арам дауға келгенде,
Жел жетпейтін күлік боп,
Қонақасы бермесе,
Ат-шапанға ілік боп,
Параны көздеп би кетті.
Сөзден кетіп бәтуа,
Базынаң жүрмей татуға,
Аңдысып құда сүйекпен,
Көтеріп тастап иекпен,
Қадір, қасиет, сый кетті.
Ескіден қалған бұрынғы
Бәтуалы ырымды,
Адаспастай даңғыл сол –
Қасым салған қасқа жол
Жарға соғып із кетті.
Бермесең, жақын жау болып,
Бермесең, құрған ау болып,
Аяғы пәле, дау болып,
Ұлғайып пәле қау болып,
Татқан дәм мен тұз кетті.
Күземе байтал кекілді,
Жетекшіл түйе секілді,
Шешесі айтса, кейін деп,
Жеңгесі айтса бейімдеп,
Дамбалын тастап қыз кетті.
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,
Арасынан жем тауып
Араласқан сан пысық,
Дөң асқан мал табылмай,
Ашылған етек жабылмай,
Біріне-бірі сеніспей,
Бет-бетімен ел кетті.
Дұрыс бастар басшы жоқ,
Әділетке шөлдетті.
Татуға өсек жүргізіп,
Бәленің отын өргізіп,
Қайран заман, аман бол,
Ер шөгіп, есер ержетті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ей, айтайын арнап Ешенге

  • 0
  • 2

Ей, айтайын арнап Ешенге,
Кетіп еді есем де.
Айтатұғын жөнім бар
Ешенге не десем де.

Толық

Сөзім барда, көзім жоқ

  • 0
  • 2

Сөзім барда, көзім жоқ,
Көзім жоқ деп жатпадым.
Би мен бекті жақтадым,
Бәйбішенің мойына

Толық

Сүлейменге

  • 0
  • 3

Шаншулы найза ілулі,
Әшекейлі дөдеде.
Айбарлы ақ ордада
Алтын сапты селебе

Толық

Қарап көріңіз