Өлең, жыр, ақындар

Түсінісу теоремасы

Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар...
Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені.
Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны
Лев Толстой жатыр еді өлгелі.
Әйелі кеп қолын сүйіп, жылады:
"Тежей алмай мінезімнің тасырын
Өзіңменен өтті жарты ғасырым.
Мен бейбақты кешіре гөр.
Күнәм көп...
Кешіре гөр,
Кешіре гөр, асылым?!"

Өткен күнің оймен шолып алыстан
Үнсіз, іштей күбірледі данышпан:
"Жә, кемпірім,
Жасыңды тый,
Жетті енді,
Жылап ешкім қайыра алмас өткенді.
Қаштым сенен...
Саған жақын жүргенше,
Артық көрдім жиһан кезіп кеткенді.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ,..
Ресейден бөлінбестей болдым-ақ,
Із бастадым күртік қарды омбылап.
Күллі әлемді тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.
Бір шындық бар еншімнің жоқ таласы –
Ұл-қызымның болдың ғазиз анасы.
Қартайғанда түсініспей, әттең-ай,
Жолымыздың қырсыққанын қарашы.
Дей алмаймын: "Маңдайымның сорысың.
Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.
Бірақ мені түсінбедің.
Түсінуге және де Тырыспадың...
Кешірмеймін сол үшін,
Кешірмеймін сол үшін..."
Күллі адами пенделікпен алысқан
Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан,
Әйеліне қарап терең күрсіне
Мәңгілікке көзін жұмды данышпан.

Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?
Үш өлшем бар —
Биіктік пен тереңдік, кеңдік (яки жазықтық).
Бұл үшеуін бағаламау — көзсіздік һәм кереңдік.
Ал түсінбеу...
бақытсыздық болар ол.
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.
Оңай емес,
оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең, түсінбестік — кінә емес,
Қылмыспен тең — түсінуге тырыспау.
Ох, қаншама бұлақтарды жұрт түсінбей суалтты.
Сөйтіп, қанша бәйтеректі қуартты.
Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсінбей өлтірді,
Сөйтіп, мына тіршілікке үлкен зиян келтірдің
Бруноны отқа жаққан,
Галилейді сотқа тартқан,
Біржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына -
Түсінбестік еді ғой.
Соның бәрі адамзаттың сорына.
Түсінбестік аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма?
Ұлы Абайды сабаған да
Түсінбестік болатын.
Талантына тамсандырған талайды
Жазған шақта Әуезов сол "Абайды"
"Бұл туынды шыға алмайды белеске",—
Деп құлшына қарсыласқан,
Қияс ойға қамшы қосқан
Тағы да сол түсінбестік емес пе?!
Ал Әуезов жолсыздыққа бұл сынды
Ызалана қол сілтеп,
Іштей, үнсіз күрсінді:
"Түсінетін халық аман болсын",—деп.
Өткен - өтті.
Бірақ бәрі есепте.
Қандай азап,
Қандай азап — ұғыспау.
Түсінбеген кінәлі емес десек те,
Қылмыспен тек—түсінуге тырыспау.
Түсінбестік — секілді бір көк тұман
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!



Пікірлер (8)

Забира

керемет қазақтың бір туар ақыны Мұхтар аға мен сізді пір тұтам халқының қамын жеген қасқайып тұрып шындықты айта білген нағыз қайсақ!!!!!

Нурмухаммед

Келып жатыр, кетып жатыр дарындар....(казахша тыл жок)

Меруерт

Сүйіп оқитын, үлгі тұтар ақыным! жүз жасаңыз!

Айдана

Мұхтар аға мен сізді құрметтеймін

Айнагул

Ұстазбын. Ұстаздық қызметіммен, өмірлік жолымда ата -анамнан кейінгі Сіздің өлеңдеріңіздің идеясымен абыройға жетіп келемін. Сан жүздеген оқушы мен студентке Сіз жырлаған руханилық, адамшылықты үйретіп келемін. Біздің қазақ бақытты нақ осы сәттері осындай ұлы тұлғасы бар. Мен үшін Тәуелсіз еліміздегі тірілердің ішіндегі ең бірінші ұлы тұлғасыз. Өміріңіз ұзақ, сыйлы, мағыналы болсын деп тілеймін.

Мадина

Өлеңдеріңіз керемет

Анар

Мұхтар ата мен сізді құрметтеймін.Сіз өте керемет жансыз!

Алмат

Қазағымның өзіңіздей біртуар азаматтары көп болсын! Санаулы сұңқарлардың бірісіз ғой

Пікір қалдырыңыз

Қауіпті молекулалар

  • 0
  • 0

Темір мен темір қосылмайды екен,
Мың градустан артық балқытпаса егер.
Көңіл мен көңіл қосылмайды екен,
Қос үмітке ортақ жол шықпаса егер.

Толық

Жұбайлар жыры

  • 0
  • 0

Қуаныш пен бақыттан мүсіндеген,
Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.
Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.

Толық

Тарысы бар аймақтың

  • 2
  • 1

Даттайды екен бір кінәңді ел білсе,
Бірақ ол да келген қайғы уақытсыз.
Қызғанышы ізгілігін сөндірсе –
Нақ сол адам бақытсыз.

Толық

Қарап көріңіз