Шұбаттан шыққан – Баянғали Әлімжанов

Бұл бетте «Шұбаттан шыққан» атты Баянғали Әлімжанов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 05.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1452
Әбубәкір Қайранға

Шеңгелмен ойнап,
Жантақта жатқан жантайып,
Уызға тойған
Ботадай бұла балпайып,
Тәртіпті топта
Түседі көзге тұлғасы,
Тарбағатайдың
Тасындай қожыр талпайып.
Айналған өлең,
Байырғы балбал қайда дер,
Ақ боран соғып,
Айтқандай сәлем айға жер,
Қайран ел жоғын
Уайымдап жырмен іздеген,
Қайнары мөлдір,
Қайрағы қатты қайран ер!
Қолқаны қауып,
Жұлдызсыз түні қаланың,
Ақынның бейуақ
Тауыспай қоймас амалын,
Тойотадан да
Тай-атан артық көрініп,
Тротуар теуіп,
Іздеген түйе табанын.
Түйеші шалдың
Түгесіп ішкен шұбатын,
Даладай ақын
Далада ғана туатын,
Қазақы сөздің
Мәйегі сіңген майталман,
Қымыздан, яки,
Шұбаттан ғана шығатын!
Табиғи қалпын
Бұзбаған бүлде жамылып,
Көлеңке түсіп
Көрмеген іші тарылып,
Түйенің сүті,
Киелі құты дем беріп,
Ағарған ішіп,
Ағынан жүрген жарылып,
Қабағы түсіп,
Қабаржып кейде құлазып,
Қабырға – қамал,
Бұзғысы келіп қағынып,
Бұрқырап буы,
Шудасы тудай жалбырап,
Қаңтарда қайнап,
Бурадай бұлтқа шабынып,
Азуы қақсап,
Аяғы ақсап қақпаннан,
Шықса да асқақ,
Қасқырдай көкке табынып,
Асығып қуып
Адасып қалса сағымнан,
Асыра жырлап,
Аспанын жүрген сағынып,
Жол ұзақ, әлі,
Өрлей бер, ақын, алдыңда,
Өмірдің бәрі
Ағын боп... өлең ағылып!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Шұбаттан шыққан өлеңінің авторы кім?

Баянғали Әлімжанов — осы өлеңнің авторы.

Шұбаттан шыққан өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Шұбаттан шыққан өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Баянғали Әлімжанов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Шұбаттан шыққан өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері