Кісі таңдап араласу – сән болды – Бақыт Беделханұлы

Бұл бетте «Кісі таңдап араласу – сән болды» атты Бақыт Беделханұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.05.2020
  • 0
  • 0
  • 3374
…Кісі таңдап араласу – сән болды,
Жоқтың жолы – кеседі деп бар қолды.
Ол қырттарға өкпе де артпай, наз да артпай,
Тамашалап жүріп келем тар жолды.

Сол тар жолда жүре берем көңіл кең,
Жүрегім де кем емес еш төріңнен.
Өкінбеймін дәл осылай жүріп- ақ,
Өз еншімді адал алсам өмірден.

Байшыкеш пен бишікешті жағалап,
Бірін алдап, бірін арбап, паналап.
Бір пендең жүр тиын санап, тіл безеп,
Ақынмен дос болған күнін қаралап.

…Кісі таңдап араласу – сән болды.
Сол арқылы найқалтам деп нән жолды.
Олар түбі жұмақты да саудалар,
Сол арқылы кеңіте алса тар көрді.

Өз басынан асыра алмай тілегін,
Ақша іздеп жүр… біреу ұстап жүрегін.
Ал мен болсам, сол ақшаның орнына
Ақыл сұрар адам іздеп жүремін.
Адам іздеп жүре, жүре…
Жүрермін!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері