Дел-сал денем – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Дел-сал денем» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1734
Дел-сал денем...
Деліқұлға дегбірсіз «дем сал...» деп ем:

Үшкірді де түшкірді Ол бетіме.
Жел жүгіріп өткендей көл бетіне:

Үркінді де сілкінді тұлабойым,
Кещелігін кеш ұққан Күнәдайын.

Үркінді де сілкінді өнебойым,
Кенересін сең соққан кемедейін.

Жаһаннамнан шақырып жарығымды
Кірпігімнің ұшына Жан ілінді.

Үшкірдім де түшкірдім өзім әйбат,
Көлге түскен сәуледей көзім ойнап!

Мың бір шүкір Алланың мұнысына:
Оймақтай құс оралды тіл ұшына.

Тіл ұшына қонған Құс, әлде, өлең бе?
Әлде, Мен бе?
Кім білсін, әлде, Әлем бе?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері