Өлең, жыр, ақындар

Кенже Ақтан Керейұлының Болжау сөзі

  • 17.05.2020
  • 0
  • 0
  • 7305
«Бісімілә рахман рахим –
Әуелі бастар сөз еді.
Асыл сөзді түсінер
Қазағым дархан ел еді.
Таусылмайтын көңілі
Ағайынға мол еді.
Сарқылмайтын байлығы
Жарқыраған көл еді.
Ағалары ініге
Үлгілі ұлы жол еді.
Ер азамат сөз бастап
Қызыққа елім толы еді.
Үлкенге кіші
Заңы елдің жөн еді.
Аталардың ақ жолы
Барлығына сән еді.
Аталардың ақ сөзі
Елімізге дәрі еді.
Жақсылар елді басқарып
Жаманшылық әрі еді
Бүгінгі елден ерлерім
Тірі еді және ірі еді.
Жаманшылық болса да
Алдағыны болжасам –
Қара бұлт төніп келеді
Тыныш тұрған еліме
Ақырдың бұлты төнеді.
Төнген күні, ағайын,
Жақсыны жаман жеңеді
Ақсақалдар биік шың
Асқар тауға тең еді.
Елестетер келер күн
Аласа жаман төбені
Асылдың сөзі жүрмейді
Билігін елге жүргізер
Адамның жаман-төмені.
Асылдардан күн кетер,
Қолында болмай дерегі.
Жаманға жақсы бағынып,
Қамауда жапа шегеді.
Басшылары елімнің
Басына елдің тебеді.
Ел басқарған жақсылар
Еліне бұрмас жүрегі.
Саудамен сартқа айналар
Елдің біраз бөлегі.
Сарттан таңдап қоярсың
Төрде отырар төрені.
Ақшасына сүйеніп
Қыран болып қара құс
Ағайынды бүреді.
Жылан болып кесіртке
Ысылдап шағып жүреді.
Төбет болып қаншықтар,
Иесіне қарай үреді.

Жазылмас дерттер көбейіп,
Шашылып ұрық себеді.
Ақ жолдағы молдалар
Адал болмас жегені.
Тура жолды көрсеткен
Ерін талап сөгеді.
Бақсы-балгер көбейіп
Еліне салар бәлені.
Бір-біріне азаяр
Адамдардың көмегі
Ел алдына шықпайды
Болса да жігіт өнері
Жомарттық кетіп байлардан,
Жетімге болмас берері.
Құл-құтандар би болып,
Арасын елдің бөледі.
Болжай алмай алысты
Аяқ астын көреді.
Ішерге елім тарылып
Қиын өмір сүреді.
Төрелік айтар билердің
Пара болар керегі.
Өсірген қыз бен келінің,
Ойламас ата-енені.
Батасыз жастар қосылып,
Оттары жанбай сөнеді.
Тірі жетім көбейіп,
Мейірсіз өсіп-өнеді.
Керексіз болып туылар
Дүнияның тәтті бөбегі.
Ұят кетіп қызыңнан,
Жалаңаштар денені.
Жез тырнақты, жалбыр шаш
Кейпіне жынның енеді.
Ата-анасы ұл-қыздың
Айтқанына көнеді.
Жүзінен қашып ибасы
Басынан түсіп желегі
Келіннің түсі өңеді.
Той-мереке бастайтын
Ер адамның жолына
Әйелдер қағар шегені.
Келіндер өзі жүргізер
Топ бастайтын кемені.
Намыстан ерлер айырылып,
Бір келін топ бастаса –
Бірі қалмай ереді.
Әйел болып еркектер
Өсекті жиып-тереді.
Батыры елдің жауға емес,
Еліне атар жебені.
Осыларды болжаған
Кенжедегі Ақтанмын –
Айтар сөздің шебері
Хақтан келген дерегі.
Әруақты аталар –
Барлығынан өтетін
Қазақты асыл деп еді
Сондықтан да ұрпағым
Түзелер деп қисайып –
Сендерге бабаң сенеді!..
Жаратушы Алланың
Берері бізге көп еді
Сыйынсаңыз Аллаға
Сарқылмас әсте берері».



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әлеумет, келдің қаумалап

  • 0
  • 0

Әлеумет, келдің кұралып,
Сөз базарын құралық.
Айтулы жүйрік мен едім
Алысқа шапқан шұбалып.

Толық

Белгісі

  • 0
  • 0

Бұл мәжіліс белгісі –
Жиналып басың құралмақ.
Батырлықтың белгісі –
Жауға шапқан ұрандап.

Толық

Қаумалап халқым келген соң

  • 0
  • 0

Қаумалап халқым келген соң.
Селдетпей топан жел сөзді.
Көрінбейін бекер жек.
Таңдайына татымас.

Толық

Қарап көріңіз