Көздің жасы – Ақылбек Шаяхмет

Бұл бетте «Көздің жасы» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2722
Көздің жасы қайғы-мұңды жуады,
Көздің жасы іштің дертін қуады.
Көздің жасы жанарыңнан мөлтілдеп,
Қамыққанда, зарыққанда шығады.

Көздің жасы жүректегі қатқан шер,
Алты ай қыста қары қатып жатқан шер.
Көздің жасы тоңды жарып көк шөптей,
Мұзды ерітіп, асып-тасып, аққан сел.

Қыстың өзі келе жатқан жазға сын,
Көздің жасын сыйлап өтем өз басым,
Жауын – көктің, теңіз – жердің көз жасы,
Өлең-жырлар – іштен шыққан көз жасым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері