Салыстыру – Абзал Бөкен

Бұл бетте «Салыстыру» атты Абзал Бөкен жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1971
Сен не деген жүректі ең,
Салыстыра салмақтар.
Бағамдасаң білекпен,
Бұйым емес бармақ-хал.

Бас білемін басты арқау,
Басы жоқтың кемі шын.
Төбешік те асқар тау,
Төмен жатқан дөң үшін.

Мәнісі бар мұның да,
Мәтін болмас құранды ой.
Шіркей үшін шыбын да
Шіреп ұшар қыран ғой.

Дәлеңкедей қалыбын
Далитсаң да тегештей,
Айғай-ақын бәрібір
Айдай ақын емес қой.

Баға берер байыппен,
Болам десең көреген –
Қайықты өлше қайықпен,
Кемені өлше кемемен.

Абаданға қабаған
қанден үрсе, сол – қайғы.
Ұлы – ұлы.
Ал, оған
салыстырма болмайды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері