Көлегейлеу – Абзал Бөкен

Бұл бетте «Көлегейлеу» атты Абзал Бөкен жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1400
Өлеңім балқып шыққан өз кенімнен
Өрекпіп көрінердей көзге бірден.
Алшым бар – иірілген алтын сақа,
Қамшым бар – таспасы оның өзге өрімнен.

Берік ем,
Бірге қойып жасықпенен,
Бал қайда, су татырмақ қасықпенен.
Абызым «көпте ақыл жоқ», – дегеннен соң,
Аз жаққа ақылы бар қашып келем.

Теңгеріп көк бөріні көк төбетпен,
Жан етпек бөрілігі текке кеткен.
Тәңірім өктем еткен,
Тылсым үнім
талпынса жерді қойып, көкке жеткен.

Боз едім,
Көлегейлеп күреңменен,
Бестіге жол бермеді кілең дөнен.
Қансорпам шыққан сайын түгім түлеп,
Қайыңдай қабық жарған іреңденем.

Несіне жүдеп-жадап азам бекер,
Әлі де қуатым бар «жазамды» өтер.
Мүлгітіп мына халық,
тына қалып,
Мазамды алмай қойса, мазам кетер.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері