Күз - көрініс – Абзал Бөкен

Бұл бетте «Күз - көрініс» атты Абзал Бөкен жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 21.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2034
Мезгіл жетсе қалайша жарқырамас,
Жарқыраған жалқын күн қалпына мас.
Алқап толы алтын шөп, алтын бұта,
Аула толы алтын тал – алтын ағаш.

Беткейінің балғын шөп балаусалы,
Бет-бедері алтындай сары-ау,сары.
Қазынаны кім осы төге салған
Ұмытылып кешегі қарау шағы.

Алқап қандай,
Апталған адыр қандай,
Апталған соң шалғын мен шағыр – балдай.
Аяғыңа басылып жатқаннан соң,
«Алтыннан» да барады қадір қалмай.

Жел таратқан жарлықты есіне ұстап ,
Жапырақтар жалғанның төсіне ұшпақ.
Қара бақыр қимайтын мезгіл шіркін
Қазынасын төгуде қос уыстап.

Аусар самал аймалап төсін, белін,
Күй кешуде ақ қайың тосын, керім.
Жел өпкенде,
Желпілдеп желек-пенде
Білмей қалды қалайша шешінгенін.

Онысына, білмеймін, ырза ма ағаш,
Күз секілді, әйтеуір, мырзаға мас.
Жер шешінді...
Кімнің де алтын төксең,
Қалатұғын әдеті тыр жалаңаш.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері