Алжасу – Абзал Бөкен

Бұл бетте «Алжасу» атты Абзал Бөкен жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1367
/Кекесін/

Бапқа құлар заманда
Шатақ қуып алжастым.
Ақша қуар заманда
Атақ қуып алжастым.

Пайда қуар заманда
Бақыр қуып алжастым.
Айла қуар заманда
Ақыл қуып алжастым.

Нәрсіз қалар заманда
Суат қуып алжастым.
Арсыз болар заманда
Ұят буып алжастым.

«Мақұл» болар заманда
Батыр болып алжастым.
Әкім болар заманда
Ақын болып алжастым.

Іліп, түтер болғанда
Салтымды іздеп алжастым.
Құрып бітер болғанда
Халқымды іздеп алжастым.

Өрісті алар заманда
Азат қонып алжастым.
Орыс болар заманда
Қазақ болып алжастым.

Елдің болып қорғаны
Едірейсем хан бұққан.
Есім түзу болғаны
Өстіп «алжасқандықтан».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері