Шабытым жайсын қанатын – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Шабытым жайсын қанатын» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өткеннің бәрі өткен ғой,
Алыстап кейін қалатын.
Есіме кейде алатын
Болады сирек сағатым.

Есімде нәзік бір сәуле:
Көңліме жарық жағатын,
Жадырап жаным жаятын
Қағуға алтын қанатын.

Жайылса жанның қанаты
Жүрегім жүрдек соғатын.
Сонда бір дауыс ішімнен
Дейтұғын: - Кәне, төк, ақын.

Есімде... Сонда қолыма
Ұшып кеп шымшық қонатын,
Бөлмемнің іші сыңғырлап,
Сиқырлы күйге толатын.

Көңілді кірбең баспасын
Көбейші, сондай сағатым.
Жаңа бір жырлар бастасын,
Шабытым жайсын қанатын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері