Әлди бөпем – Жәди Шәкенұлы

Бұл бетте «Әлди бөпем» атты Жәди Шәкенұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.08.2020
  • 0
  • 0
  • 4644
Әлди, әлди, құлыным,
Құлдыраңдап шаба ғой.
Мамашыңның қасында,
Бақытыңды таба ғой.
Әлди, әлди, бөпешім,
Қозым болып тоя ғой.
Мамаңды көп сора ғой,
Жылағанды қоя ғой.
Әлди, әлди, бөпешім,
Әлі-ақ өсіп жетесің.
Әкешіңдей тұлғалы,
Азамат боп кетесің.
Қалам алып қолыңа,
Талай нәрсе жазарсың.
Еңбектеніп ерінбей,
Білім нәрін қазарсың.
Ел мен жерге аты бар,
Егейлерден боларсың.
Отан үшін от кешіп,
Суығына тоңарсың.
Әлди, әлди, бөпешім,
Бар ғылымға маман бол.
Ең әуелі адам бол,
Айналайын, аман бол!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері