Он бестен он алтыға жеткен кезім – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Он бестен он алтыға жеткен кезім» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1253
Он бестен он алтыға жеткен кезім,
Өндірдей өлкем де өзім, көктем де өзім.
Жүйткіген жүйрік сезім – өкпек желім,
Масаты мақпал майса, көк пен жерім!
Мен – көктем, мезгіл – көктем, маңай – көктем,
Күн шығып көк өзектен арай төккен.
Жасамыс жиде, талдың жапырағы
Жасарды талай қурап, талай кепкен.
Сағымды көкжиекке дала күрмеп,
Жапырақ жанданады самал үрлеп.
Жапырақ шайқалғанда, саусағымен
Шертеді шабытымның шанағын кеп.
Кеудемнің табиғатқа қосқан әні,
Сар желіп, шаужайына қосшы алады.
Күй-дүние, күйтті көңіл дос болады,
Көктем боп көктем өмір басталады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері