Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1071
(Зинураға)
Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан,
...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай,
Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам.
Төзгін, қалқам, шалғайда, шетте жүріп,
Сағынышқа сарғайма, көп беріліп,
Назырқасаң босатып буынымды,
Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт.
Өкпек желдей есілген сендегі үміт –
Өрге сүйреп шаршаған мендігі жүк.
Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай
Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп.
Тағдыр бізге жазылып қойған жырдай,
Салдың ірге қанатын жайған жылдай.
Қолаң желдей қазымыр үміттерің
Қоймайды екен қазылтып ойландырмай.
Маған талай үмітті кез қыл, қалқам,
...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, бір ауыз тәтті жырдың
Толғағына бір ауық төзгін, қалқам.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері