Жолда

Бұл бетте «Жолда» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1184
Қайқиған қырдың қарсаңы-ау деймін,
Сар кідір өгіз шаршады-ау деймін.
Бір білем, шүйге біріккен жиде
Желкесін, сірә, жаншады-ау деймін.
Жаздың бір жолы қиын шағында,
Ырдуан арба ыңырсығанда
Үргедек шіркей үйір боп қонып
Өгіздің ылғал құйымшағына.
Шілденің шыбын-шіркейі шалдуар,
Құйрығын қағып үркеді жануар.
Шалқайып кетіп шыңылтыр аспан,
Сәулесін сәске бүркеді сәруар.
Жалғыз аяқ жол қосығындай –
Жараған өгіз арқасы қырдай.
Тобарсып таңдай, сілекей селдеп,
Аптапта кепкен аңқасы құмдай.
Аңқасы құмдай, айызы қанбай –
Кеберсіп қалған қызыл құмдардай.
Келеді өгіз кешеден бері
Үзіле де алмай, үздіге де алмай.
Көз сүзе қарап айналамызға,
Өгіздің жайын ойланамыз ба?
Май толы барлық ыдысты шандып,
Белтемірден ап байлағанымызда:
«Қақсал ғой жануар қара өгіз шыдар,
Майымыз да аман баратын шығар.
Басқарма бізді бастан бір сипап,
Арқамыздан да қағатын шығар».
Көңілдей сағым көлбеңдейді алдан,
Сағымнан да асып серуендейді арман.
Көңілің – самал, көлігің – шабан,
Тымырсық ауа, жел келмейді алдан.
Сірке кірпіктің қарашығы аунап,
Қарайды өгіз дала шығынға...
Шабына бір кез шынашақтай жәндік
Албаты тиіп аласұрғанда
Шыдамды жануар шайқалып қалып,
Шолақтау мүйізі қайқайып барып,
Молақтау құйрық шабына тиіп,
Науадай бітім найқалып барып,
Жұлқынған кезде шайқалып қамыт,
Жөнелді өгіз тайпалып алып.
Күтпеген жерден қыра-сай келіп,
Даланың жолы ұрады-ай келіп.
Қыл арқан бас жіп тарта да тарта,
Қанады қолым қынадай болып.
– Қарғиық, – дедім, – майыпқа адам
Кездесуші еді ғайыптан әман.
Қайызғақ шаңға күрп ете түсіп,
Қозғалмай қалдым тайып бұғанам.
Бауырына ап мойнын, мөңкіп те, мөңкіп,
Керуендей белі керіліп-керкіп.
Кетпендей тұяқ кенеттен тиіп,
Көк соқта құмды тебініп кертіп.
Қайырылмай тартып құлаған бізге
Жөнелді өгіз қыр, адыр түзге.
Әбдіра арба аударылғанда
Шатқаяқтап кеп құлады өгіз де.
Құлады өгіз де талма түс кезде,
Қырық адым жерден тағдырын сезбей.
Бәріне төзген көнтері жануар
Шынашақтай жәндік кәріне төзбей.
Қалдық біз жүрек ұрғылағанда
Басымыз зеңіп, бір құлағандай.
«Аман қалдық» деп айғайлай да алмай,
Солқылдап сонда бір жылай да алмай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жолда өлеңінің авторы кім?

Кеңшілік Мырзабеков — осы өлеңнің авторы.

Жолда өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жолда өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Кеңшілік Мырзабеков өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жолда өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері