Өлең, жыр, ақындар

Жұтпа тартқанда немесе жейде туралы жыр

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1211
Сәбила, сәбилік күн – сайран сағым,
Қай қырдан асып кетті қайран сағым?
Сағымның толқынындай кетті алыстап
Балалық – балбұлақтай қайран шағым.
...Жүгірдік, жүгірдік те, жарыстық та,
Алыстық, жағаластық, табыстық та.
Жағалап жардың бойын салдық ойын,
Қыл баулы қалтамызда таныс жұтпа.
Бір күні жұтпа тарттық қайықпенен,
Қайықты мен есіп ем байыппенен.
Жұтпаны сен ұстадың жұтынған қыз,
Қалтқыдай қозғалғанда ғайып денең,
– Қайықты аударасың, – деймін саған,
Бұл иірім, қара, терең, жауың, – дегем.
Сақтанар қауіп те бар шат өмірде,
Ал сенің сескену жоқ қаперіңде.
Тепкенде тентек толқын шайқалып кеп,
Қайығым кіліт тоқтады қапелімде.
Сәбила айқай салды:
– Қапты, – деді,
Қарлығып кенет шықты қатты демі.
Қара күш үркіп тартып, сілкіп тартып,
Құп-қу боп кеткен екен аққу өңі.
Қара күш қайық басын бұрды келіп,
Қыл бауды қаршадай қыз тұрды керіп.
Әл бермей бұла шортан шоршып-шоршып,
Қайықты құйрығымен ұрды келіп.
– Тарт, – дедім, – тарт, – дедім мен қайықты есіп,
Үніме салмақ қосып, байып қосып.
Біз тұрмыз жан ұшырып, өзен жатты
Толқынын жайма-шуақ жайып көшіп.
Тістеніп, тіреп тартып зорландың-ау,
Зәрең ұшты-ау, қайықта толғандың-ау.
Қарыссаң қара тастай қайсар едің,
Қара күш болмаған соң қор болдың-ау.
Бұл судан бұрын мұндай бұла көрсең,
Жағада қармақ салып тұрар ең сен.
Жалқы үйдің шолжаң өскен жалғыз қызы-ау,
Қайықта қапа болып жыладың сен.
Жұтпаны тартуға мен оқталған ем,
(Балада болады ғой мақтан деген).
Жігіт боп жейде киіп жүргеннен соң,
Көмекке көңілің қалар деп бармап ем.
Қарадың сонда маған сен шағына,
Тұрдым мен мысым құрып, тау шағыла.
...Шындықты жейде қалай жасыра алсын,
Жар сүйіп, сәби сүйді сол Сәбила.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазады уақыт барлық жараны

  • 0
  • 0

Жазады уақыт барлық жараны,
Оң қараса егер тағдыр қабағы.
Табылар керең сордың да амалы,
Табылар терең ордың да амалы.

Толық

Қырықтағы қайнағалар

  • 0
  • 0

Бұл кісілер – біреудің қайнағалары,
(Қайнаға болып туды деп ойлама бәрі.)
Ойнақтап кеше отыздың орғылында олар,
Жайқамағаны қалды ма, жайламағаны?

Толық

Өмір – түйткіл

  • 0
  • 0

Өмір – түйткіл.
Жаңа-жаңа аңғардым,
Көбі-көбі алдамшы екен арманның.
Көбі-көбі көбік екен сезімнің,

Толық

Қарап көріңіз