Отаныңа қызмет ет – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Отаныңа қызмет ет» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 3150
– Отаныңа қызмет ет!
Қызмет ет Отанға!
Балам, саған осы менің бұйрығым да, батам да!
Қатардағы солдат болу жүру емес қатарда,
Қатарды құр көбейткеннің қатарында атанба!
«Қатарыңнан оз» дер едім, оған көзім жетер ме,
Оза алмасаң, озбай-ақ қой, тек алқынба бекерге.
Туған жерді мен сияқты түк қалдырмай арала,
Бара алмасаң, бармай-ақ қой, мен бармадым шетелге.
Мен жимадым, жинамасаң, жинамашы дүние,
Мен сияқты оны өзіңнің жеңдір көңіл-күйіңе.
Мен сияқты кеш оралма келініме, үйіңе,
Жан жарымдай жарың болса-ау көнтұғын иіңе.
Мен сияқты, мен сияқты...
(Мен кімге үлгі болып ем),
Жүрдім бірақ Отанымның сүрлеу, соқпақ жолымен.
– Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға!
Осы ұранға рухтан да, осы ұранға тебірен!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері