Ақ-қара – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Ақ-қара» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1750
...Сондай да сондай болады сәттер басыңда,
Сондайда бірақ тағдырға құлап бас ұрма!
Сондайда, бар ғой, өзіңнен өзің ашынба,
Үйір ғой тағдыр иықтан ылғи басуға.
Үйір ғой тағдыр иықтан ылғи басуға,
Тұйыққа тіреп, алдыңды орап тосуға.
Ақылыңның да айдарынан жел аз есер
Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда.
Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда
Бақ тайса бастан, «бақытсызбын» деп шошынба!
Жалған дүниеде жалғыз сен емес, жарығым,
Жазым да болған тағдыр дейтұғын жасынға.
Сондайда, бар ғой, жалғыз өзіңді антқа ора,
Жазым да болсаң, жасынға тіктеп жалт қара!
Көзіңнің нұрын қарып түсерде байқалар,
Ақ пенен қара, ақ пенен қара, ақ-қара.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері