Орал – Ғафу Қайырбеков

Бұл бетте «Орал» атты Ғафу Қайырбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көк астында бір алып,
Көргенімде Оралды.
Көк вагонда ырғалып,
Көкірегімді жыр алды.

Жатты Орал жиһанның,
Мырзасындай береген.
Әр өлкесі Отанның.
Ғажап еді не деген!

Тау жүрегін соқтырып,
Жатыр алуан зауыттар.
Құрыш құйған отты үріп
Онда батыр халық бар.

Бөктерінде көк егін,
Жатыр колхоз қарық боп.
Шіркін, Орал көлемін,
Құшар ма едім алып боп!

Ақты пойыз, найзағай
Тізбегіндей түндегі.
Ай астында айнадай,
Кетті тартып ілгері.

«Жігіт, жырың беріп кет»,
Дегендей бір сөз тастап.
Қапталдасып еріп кеп,
Қалды Орал алыстап.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері