Жалқы ғұмыр диуана едім жаны шық – Ерлан Аманқожаұлы

Бұл бетте «Жалқы ғұмыр диуана едім жаны шық» атты Ерлан Аманқожаұлы жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 05.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1036
Жалқы ғұмыр диуана едім жаны шық,
Жандырдың-ау жапан түзде кез келіп.
Ерніңнен ыстық-ыстық ән ұшып,
Қардың бәрі әппақ отқа өзгеріп.
Арпалысып...
Қиял – аспан, ой – түрме,
Қарлығашым, қайдан жүрсің жолы әппақ?
Құрғыр көңіл көбелектің кейпінде,
Домбыраңның құлағына қонақтап.
Қаңтардағы қайың бүрлеп күлкіңнен,
Ажарыңа айдың өзі мастанып.
Әсем, асқақ дауысыңа түн тілген,
Төрде отырып қайыршыдай жасқанып.
«Ғашығымды» тыңдап алып таңғы сәт,
Жүрегімді тіліп-тіліп сол бір үн.
Қоштасқанмен өртенбеген жан құсап,
Қаламына шынын айтқан сорлымын...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері