Ізім қалсын
Ақтөбе-ау, айналайын, сөзді ұғарсың,
Өзімдей ыстық жүрек, қызу қансың:
Сағынып кеттім –дағы,
Жеттім тағы,
Тағы да топырағыңда ізім қалсын.
Өзіңнен өрен жайған балаң едім,
Сен жақсы жолдасымдай санама ендің.
Әр үйің, әр орамың болды таныс,
Жолымды көз жұмсам да таба бердім.
Жылдардың әлдиіне өсе бердім,
Көк өндір ағашындай көшелердің.
Сезбеппін –
Сонда сен де бірге өсіпсің
Қуатты қолдарымен не шебердің.
Мен мұны бұрын емес, бүгін білдім,
Көркіңе иілдірдің, сүйіндірдің.
Сәт сайын жолықтырып бір жаңалық,
Танытпай талай жерді, үңілдірдің.
Баяғы зілмәңкелер құлатылған,
Бой түзеп биік үйлер мына тұрған.
Айнадай асфальт жатыр алды-артымда,
Көшіпті «бауырмал саз, құм антұрған».
Бітпесін санап бүкіл жаңалықты,
Болыпсың дәуірге сай қала мықты.
Кетіпті жас шалғындай өмір басып
Жолдарын жүрген кеше балалықтың.
Ақтөбе, ыстық ұям, сөзді ұғарсың,
Өзімдей отты жүрек, қызу қансың,
Тағы да аралайын алшаң басып,
Тағы да топырағыңда ізім қалсын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі