Қыр басында Ай қалғыды – Серік Сағынтай

Бұл бетте «Қыр басында Ай қалғыды» атты Серік Сағынтай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 1399
Қыр басында Ай қалғыды,
Сары жалқын жайған нұры.
Қара түн кеп қамықтырған,
Жұбатады ол қай зарлыны?!
Қыр басында бөрі ұлыды,
(О да — өксікті өмір үні).
Зар-запыран шер толғауды
күңірентті жел уілі.
Қыр басында жел жылайды —
Әнге қосып солғын Айды.
Қара түннен қарғып шығып,
Жұмарлайды Жерді қайғы.
Қыр басында Ай бар ару,
(Бөрінің жел жайған әнін).
Сары нұрды — жарығымды,
Мен елес боп айналамын.
Қыр басында сес түнейді,
Түнекті жел кескілейді.
Мен ғана оны түсінемін,
Ешкім мұны естімейді.
...Таң атқанда, түн қашуда,
Түн жамылған сырды ашуға,
Сарғайып бір гүл тұрады,
Қалғып кеткен қыр басында.
Қыр басында...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері