Қырқыншы жылдар. Арқаның қысы – Серік Сағынтай

Бұл бетте «Қырқыншы жылдар. Арқаның қысы» атты Серік Сағынтай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.08.2020
  • 0
  • 0
  • 2052
Ай туды шалқалап,
Сәулесі өлімнің елесін билетіп.
Тағы да қыс келді Арқаға,
Кебінін сүйретіп.

Ақырғы ақырет түніндей,
Азаптай кеудені тырнаған:
КарЛагта өксіген сәбидің үніндей,
Уілдеп тұр боран.

Қар басқан томпайған қабірлер,
Белгісіз молалар толған кең аңыз-ды -
Жендеттер зорлаған зәбірлеп,
Жесірдің құрсағы тәрізді.

Белгілі, белгісіз... тоңғаны
Қара жер қарс айрыла қақырап.
Үсіген сәбидің қолдары –
Бұтада ілінген жапырақ.

Таниды-ау анасы, таныса,
Жылайды-ау жамырап, қауышып.
Ұлып тұр боранмен жарыса,
Жетімдер дауысы.

Тәніне тастай боп тоң қатқан,
Дөй дала дөңбекшіп түс көрген не түрлі:
Түрмеде түршігіп толғатқан,
«Халық жауының» жесірі секілді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері