Өлең, жыр, ақындар

Әлі де сенде арман жоқ

  • 12.11.2015
  • 0
  • 0
  • 7832
Әліде сен де арман жоқ,
Табылған сөзде жалған жоқ.
Басы жұмыр пендесін,
Құдіреті күшті құдайым,
Не күйлерге салған жоқ?
Азу тісі ақсиған,
Марқасқадай қасқиған;
Көзі ақықтай сүзілген,
Маржандай тісі тізілген;
Келімі келген кермейық,
Сағағынан үзілген;
Белгілі ару қор болып -
Кімдерден жылап қалған жоқ?
Жылай да қалған мұңдықты,
Кім еңсетіп алған жоқ?
Қынапқа салса, жылп еткен
Суырып алса, қылп еткен,
Нарды шапса, бүлк еткен,
Итті шапса, ыңқ еткен,
Шегесі бостау сылқ еткен;
Қатарға қайтып қосылмас,
Тиген жері бұрқ еткен;
Сілтесен, кеткен білінбей,
Айдаһардың тіліндей,
Тасқа тартса қайтпайтын,
Балдағы алтын ай болат,
Керегеде ілулі,
Күні біткен ерлердің -
Нешеуінен қалған жоқ?
Қазығында тігілген,
Жыландай белі бүгілген,
Қырымнан қара көрінсе,
Құлағын жұптап үңілген,
Жауырыны жазық тақтадай,
Жалы жұмсақ мақтадай,
Ойдық желке, кекшіл бас,
Құлжа мойын наз бедеу
Қазығынды байланып,
Сапары теріс айналып,
Күні толған ерлердің
Нешеуінен қалған жоқ?
Жауды көрсе, сайланған,
Топты көрсе, айналған.
Алмас қылыш асынып,
Жебесі болат найза алған;
Қырымнан қиқу таянса,
Көк бүркіттей түйлігіп,
Лашын құстай шүйлігіп,
Бір шаппаққа ойланған,
Қабағы қалың ер жігіт -
Жалғыз оққа жолығып,
Жолықса, көңілі торығып;
Астындағы наз бедеу -
Аясы толмай зорығып;
Сағағына жапанда -
Сары шыбын үймелеп;
Ойдан - қырға кеудесін -
Көкше бөрі сүйрелеп;
Халық үшін туған ерлердің,
Нешеуінің кеудесі -
Құба жонда қалған жоқ?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айдан ару нәрсе жоқ

  • 0
  • 0

Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ
Күндіз бар да, түнде жоқ.

Толық

Әр кемелге, бір зауал

  • 0
  • 0

Сарыарқаның белінде,
Ырғыздың құба жонында,
Жусанның түбін кемілген,
Бұйырғын жеп семірген,

Толық

Бұрынғы дәуір болмай жүр

  • 0
  • 0

Шалқыған айдын шалқардай
Көл тартылды көзінен.
Сандуғаштай сайраған
Тіл тартылды сөзінен

Толық

Қарап көріңіз