Күбiр-күбiр, күбiр-дi – Құралай Омар

Бұл бетте «Күбiр-күбiр, күбiр-дi» атты Құралай Омар жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.03.2021
  • 0
  • 0
  • 732
Күбiр-күбiр, күбiр-дi...
Күз жаңбырын құшақтап,
Жапырақтар қара жерге жығылды.
Мынау аспан көңiлiме ұқсап қап,
Жүрегiмнiң тамшылары көмейiме тығылды.
Мөлдiр-дi
Жамалымды айғыздаған кермегiм.
Жасыл бақты сап-сары күн солдырды.
Тырналарға жете алмадым, ермедiм,
Айтқаныммен құстан қалған сол жырды.
Құс әнiн
Қимастықпен қош айтысқан... мұң дедiм...
Ей, тiршiлiк, аяғымнан тұса мың,
Қанатсыз деп мейлi менi күндегiн!
Бәрiбiр де түсiмде тарналардың тiзбегiне қосылып,
Түпсiз көкке ұшамын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері