Өлең, жыр, ақындар

Күнәсіз мекен, қайдасың?

  • 09.03.2021
  • 0
  • 0
  • 694
I
Жазамын деп көлемді бір шығарма,
Тыншымадым тірліктің тынысы барда.
Жалпақ жұртқа жариялап, жарқырар ма?
Не болмаса, кеудемде тұншығар ма?!
Мендегінің бәрін де білген Алла,
Періштедей пәктік бер жыр мен арға
Көшкін, тасқын... астында қалмаса екен,
Өзім қалап өнерде мінген арба.
Тер төге алмай ел үшін, далам үшін,
Көз жасыма батырам қалам ұшын.
Ең болмаса ертеңгі ұрпағыма,
Жыр қалдыра берейін, балам үшін.
Балам үшін, келешек ұрпақ үшін,
Басқа байлық болмай тұр, жыр – табысым.
Жүрегімнің асылы кімге керек,
Көк теңгесіз кеудемді кім танысын?!.
Солай, балам, ес пен дес, іскерлігің –
Иман, ақыл, тәуекел – үш белгінің,
Тоғысынан табылып тұрсаң болды,
Адамдықтың құрасың үстемдігін!

II
Аяқ тұсап тастады, мойын байлап,
Босқа іріп-шіри ме ойым – қаймақ?!
Аңға айналған адамнан алыс кетіп,
Тартсам ба екен елсізге қойымды айдап!..
Арасында алжаспай азғындардың,
Сақтасам ба иманның аз күнгі әрін?
Көк жайлауын, орманын бір Аллаһтың,
Шиырласам қайтеді саз-құмдарын?!..
«Теңге, теңге, теңге» – деп тепеңдеген,
Мазағына мас болып өтем бе мен?!
Қаза болды қаншама парыздарым,
Қалды қанша құлшылық өтелмеген?
«Тіршілікті біз қалай етеміз» деп,
Неше көктем ауысты, неше күз кеп.
Қия бассам, кездесем қиянатқа,
Кетсем бе екен
Күнәсіз Мекен іздеп...
Қанжығаға қаныпезер сойыл байлап,
Бассыздыққа белшеден тойынды аймақ.
Қаламым мен құшақтап Құранымды,
Естімеске кетсем бе қойымды айдап?!..

III
Өткізген екенмін,
Азған заманның айтысын.
Сөйледім қазақ боп,
Кейде есімде «Айт» үшін,
Жазылған ғұмырдың,
Қанша жылдарын жайнаттым.
Кірлетіп өткіздім,
Әттең, әдемі қай тұсын?
Сұлбасын шалсам да,
Онда білмедім шың басын.
Болам деп борбайлап,
Анық шын Мұқаң, шын Қасым,
Пенденің қақпанын,
Көрдім кеудемнен қаққанын.
Сойылын соқтым ба,
Сезбей саясат шырғасын?!
Бұл күнде далада,
Аулада, өзімнің үйімде,
Жібідім жұмсарып,
Қайта шындықтың иінде.
Аллаһтың азбайтын,
Адал бір құлы мен болып,
Қалсам болғаны,
Ақын Дәулетбек күйімде!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аллаһқа шүкір

  • 0
  • 0

Аллаһқа шүкір,
Күй кешіп жүрмін тамаша.
Көңілдің көзін
Жайнатты атқан таң аша.

Толық

Басыңа неше түрлі сұрақ берер

  • 0
  • 0

Басыңа неше түрлі сұрақ берер,
Кедейлік – нағыз сынақ, шын-ақ төнер.
Байлық та ер жігітке бір соғады,
Иманын талқыға сап, сынап көрер.

Толық

Жолымды қара мысық – өсек кесіп

  • 0
  • 0

Жолымды қара мысық – өсек кесіп,
Ызадан булығамын қос өкпе ісіп.
Ауысса бір үзім нан, бір шыны шай,
Қайтып біз ел боламыз есептесіп.

Толық

Қарап көріңіз