Біздің үй орны бар ма әлі – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Біздің үй орны бар ма әлі» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 697
Біздің үй орны бар ма әлі,
Мүжілген жоқ па дуалы?
Жалғыздың жолы болмады,
Күнәсін қайтіп жуады?
Сыңсығандай-ақ дәл біреу,
Боғатта қамыс зарлай ма?
Көлеңке қуып зәрлілеу,
Жантайған қамқор шал қайда?
Ой кетіп өткен жолына,
Ұрласа қайғы кей түнін.
«Қобыландыны» алып қолына,
«Оқып бер, балам» дейтұғын.
Түсініп жырды, сезімді,
Берілуші еді шерге бір...
Түсінбей әке, өзіңді,
Көрмәдік болды көр көңіл.
Не айтса елге жарасар,
Ем болмас бітеу жараға.
Қайтқалы қайран қара шал,
Тентіреп кеттім қалаға.
Басамын деп-ақ әр ізді,
Кездестім қарға, жауынға.
Шойынқұлақтар тәрізді,
Бәрібір жаным ауылда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері