Ауылға келдім – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Ауылға келдім» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 982
Ауылға келдім,
Туған жер суық қарады.
Мен жайлы өсек өрттей-ақ гу-гу тарады.
Баяғы үйдің орнында тұрмын құлазып,
Қаңғыбас төбет қолымды келіп жалады.
Селт еткен жоқ-ау ауылдың алма ағашы,
Селт еткен жоқ қой жалбызды арық жағасы.
Амандаспады ешкім де келіп елжіреп,
Қалмағаны ма адамның түк те бағасы.
Ағызып қанын жүректі қатты жаралап,
Тұрғандай болды күллі ауыл мені табалап.
Қаңғырып кеттік қаңғыбас төбет екеуміз
Өзенді бойлап, жоғары өрлеп жағалап.
Өлімге деген бір сезім билеп ырқымды,
Сыймаған ойдан қақырап кеудем жыртылды.
Қайғыдан қаусап теңселіп келем,
Ал, бірақ,
Көңілді еді қаңғыбас төбет бір түрлі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері