Бір пана тілеп тауға да бардым – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Бір пана тілеп тауға да бардым» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1017
Бір пана тілеп тауға да бардым,
Күркіреп құзға құладым.
Түсінбей ешкім саудада қалдым,
Қиқымнан көрпе құрадым.
Өлімші болып өзенді кештім,
Башпайым соққа соғылды.
Бал шарап құйған көземді тестім,
Таппадым бірақ жоғымды.
Күн салып қайта қырқаға шықтым,
Адастым тағы сағымнан.
Болмайтын іспен құр таласыппын,
Тайып-ақ кеттім тағымнан.
Гүл іздеп келіп жағалаулардан,
Қураған қурай теремін.
Бақытымды іздеп табан аударған,
Көкке де ұшсам деп едім.
Аймалап қана торы ала мені,
Күннің де нұры төгілсін.
Жарылқамаса Жер – ана мені,
Көк аспан, шіркін, не қылсын!

1985 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері