Қазақ шежіресі
Тарихы бұрмаланған қазағымның,
Тартыпты ұрпақтары азабын мың.
Адам ата, ауа ана қазақ болған,
Қазақ болған тегі де Хазарыңның.
Сенбесеңдер тыңдаңдар құлақ салып,
Жырымның саналарға жетері анық.
Адамды топырақтан жаратыпты,
Қыртысын қамыр қылып илеп алып.
Жаратқан сол сұлбаны қойған екен,
Мекке менен Тайфтың арасына.
Қырық күн өткен кезде жан бітірген,
Сәжде еткізбей Ібіліс баласына.
Адам ата мың жылдай өмір кешкен,
Лақаб аты Сафиолла қалған есте.
Қырық мың ұрпақтарын көре біліп,
Жарығы екен дейді оның өшкен.
Адамның ұрпақтары ел таныған,
Шест, Ануш, Қинан менен Мәһлайылды.
Мәһлайылдан тараған Берді, Ахнұқ,
Пәниде өмір кешкен мыңдап жылды.
Сол Ахнұқ пайғампардың Ләмек атты,
Ұлынан туған екен Нұх атамыз.
Нұх атамыз екі жүз елу жаста,
Пайғампар атаныпты жоқ қатамыз.
Сол атамыз жеті жүз жыл үгіт еткен,
Мұсылмандық жолына үміт еткен.
Бар жоғы сексен адам мұсылман боп,
Қалғаны кәпір болып кері кеткен.
Сонда атамыз ашуға мінген дейді,
Құдайға дұға айтып жүрген дейді.
Мұсылмандарды қалдырып қалғандарын,
Топан суға қарық етші бірден дейді.
Жәбірәйіл ғалаиссалам қайтып келген,
Жаратқанның сәлемін айтып келген.
Ағаштан кеме жасап тіршіліктің,
Жұп-жұптан алсын деген жұмыр жерден.
Сол атамыз еріксіз кеме мінген,
Мұсылманның қасында сексенімен.
Жұп-жұптан тағы алыпты тіршілікті,
Жан-жануар, аңмен құсты дейді кілең.
Жердің жүзін топан су алып кеткен,
Қаһары жаратқанның қатты неткен.
Көкке шарпып толқыны жұтып жатты,
Тіршілікті, пендесін шыққан шектен.
Аттанған Шам жұртынан сол бір кеме,
Мүсілдің маңындағы Жуды таудан.
Сөзімнің бірде бірін жалған деме,
Күн түні сел боп ағып жаңбыр жауған.
Алты ай он күн табаны жерге тимей,
Алып кеме толқынды тілген дейді.
Ұшырған құс аяғы балшық болып,
Қара жерге жеткенін білген дейді.
Нұх ата үш келіні үш ұлымен,
Аман қалып қалғаны бақи болған.
Құдайдың құдыретті құзырымен,
Тіршілік жалғасыпты солай зордан.
Осы жерден шегініп артқа қарай,
Ұғалық шежірені бөлмей жармай.
Адамзаттың тарихы таралады,
Топансуға дейінгі, бері қарай.
Топан суға дейінде не өтпеді,
Бұл жаханға кім келіп кім кетпеді.
Талай қауым жоқ еткен жаратқаным,
Таумен тасты қопарып жермен жексен.
Жәхил, Ад, Самуд елі, Шұғайыптар,
Әп сәтте айналыпты бір ғайыпқа.
Астамшылық көрсеткен Ферғауындар,
Теңіз жұтып айналған ол ғайыпқа.
Байлығына мастанған Қаруынды,
Мал, жаны үй жәйімен жұтқан дейді.
Азғындықпен ауырған Лұт қауымын,
Аспанға көтеріп тастап құртқан дейді.
Әлқисса Нұх атаға қайта оралып,
Жырымызды әрі қарай қолға алалық.
Кеменің түбі тиген Қазығұртқа,
Сол мекен айналыпты Қазық жұртқа.
Нұх атамыз Хам, Саммен Иафес ұлын,
Үш тарапқа жөнелткен таппай тыным.
Хам кеткен Үндістанға, Сам Иранға,
Еділ -Жайық жіберген Иафес ұлын.
Сол Иафестің болыпты Хазар ұлы,
Тарихтың білген жанға бұл бір қыры
Қазіргі Каспий маңын мекен еткен,
Сол Хазардан басталған Қазақ жыры.
Түрік патша, Елше, Күйік, Алынша хан,
Ел билеген болыпты сол бір заман.
Алыншаның тұсында халық байып,
Тыныш дәуір болыпты халық аман.
Болыпты Алыншаның егіз ұлы,
Бірі Татар бірі Мұңал мәлім сыры.
Екеуі екі хан боп өмір кешкен,
Тату тәті таусылмас мәңгі жыры.
Татардан Иланша хан, Атлы, Байду,
Ақылсыз, көрсе қызар ханың Байду.
Байду ханнын тұсында болған екен,
Мұңал ханмен жауласып ара айыру.
Мұңал ханның соңынан бұл тайпадан,
Хан болып Ел басқарған тоғыз адам.
Қара ханның тұсында кәпір жайлап,
Мұсылмандар азайып болған жаман.
Содан кейін өмірге Оғыз келді,
Мұсылмандар жайлады бүкіл жерді.
73 жыл татармен соғысып кеп,
Оғыз хан ақыр соңы бәрін жеңді.
Тоғыз ата дейінгі хандық құру,
Үрдісі сол заманда болған екен.
Кит тоғыз, құнда тоғыз тоғыз бөлу,
Дәстүрі Оғыз ханнан қалған екен.
Насыреддин Қожырбайұлы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі