Өлең, жыр, ақындар

Жеті ата жыры

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 846
«Жеті атаңды білесің, бе?» деп
сұраған ауыл қартына жауап бере
алмай қысылып қалдым»,— деп еді
ұлым бірде маған...

1
Арғы бабаң Алдияр
арқалы адам болғанын,
қорығанын қызғыштай
атамекен орманын
аңыз етіп айтады ел,
айтады, ұлым, әлі де
ұрпағына қалдырған
ақтық арман,
соңғы әнін!..
Туған жердің түйірін
татырмауға жат елге
барғанын да бел буып,
бас кететін қатерге.
Алакөлде әлі де
айтады, ұлым, бәрі де,
жырдай қылып айтудан
жалықпайтын әкем де!
Қорғаймын деп,
қара орман,
қасиетті өзенін,
ашу,
ыза,
ащы кек
өртей тұра өзегін,
жекпе-жекке келгенде
жау жағының
жасы үлкен
батырына беріп сап
тұрады екен кезегін!
Сұсымен де күшімен
жауды ықтырып ол деген,
берген еді, дейді аңыз,
елге-жігер,
ерге — дем.
Басы жұмыр пендеден
беті қайтпай өтсе де,
бақытына басқаның
балта сілтеп көрмеген!
Шешен бе еді сол бабаң,
қол бастаған көсем бе,
(Бола қоймас күпірлік,
киелі еді десем де),
тірісінің өзінде:
— Алдиярлап!—
ұрпағы,
ұран болып қалыпты
аты-жөні осы елге.
Хаттай тізе білетін
қылығыңды әр ағат,
ол жайында айтпайды ел
жалғыз ауыз жаман ат,
көзі тірі кезінде
абыройын асырып,
қабырғалы қарындас кеткен екен:—
«Бабалап!»
Билік айтса қатайып,
қара тастай кескінде,
қарамаған, дейді оны,
туыспын де,
доспын де,
Ақиқаттың алдында —
жақыны ма, жаты ма —
бұрылмапты бүйрегі,
бұрылмапты ешкімге!
Аз атаның ішінде —
Алакөлді мекендер,
болған шығар
басқа да
жұмыр басты
жеке ерлер,
сенің бабаң
солардан
артығырақ тумаса,
әлі күнге
«Бабаң!»— деп,
жүрер ме еді бекерге ел!
Ата сөзін тастамай,
кеспейтін ел аға алдын —
Алдиярдай бабаңа
қалай ғана тағар мін.
Алакөлге әлі де
бара қалсаң
жол түсіп,
таныстырып жатады
баласы деп
«Бабаңның!»
Жасамай-ақ еш ерлік,
көрсетпей-ақ мықтылық,
елдің өзі-ақ
бабаңның
кім болғанын ұқтырып:
— Көзі еді,— деп,— көненің,
баласы,— деп,— «Бабаңның»
күтіп алар сені де,
кәрі-жасы
тік тұрып!

2
Алдиярдан кейін де,
айтып еткен жақсы әнін,
бабаларың болыпты,
білмесем де нақ санын,
еңіреген елінің
ұлы болып еткен де,
құлы болып кеткен де,
күні кеше, патшаның.
Алдиярдан басқасы
қандай адам болғанын,
қорғап па еді
қара орман,
жасыл жайлау,
жондарын,
солдырды ма жуадай
жарылмаған ішкі дерт,
маңдайынан —
мәңгілік —
арылмаған сор қалың?—
Кейінгілер қастерлер
қалмады ма
ұран, із,
олар жайлы бүгінге
жетпеді, ұлым, бір аңыз,
аңқылдаған ақыны,
саңқылдаған батыры
болған еді дегенді
естімедік мына біз!
Кім біліпті, ұлым-ай,
тірлік атты тепкіде,
тәлкегімен тағдырдың
тулақ болып кетті ,ме,
тұлпар мініп түлектер,
тасқа тіліп табанын
өкінішпен
өмірден
егіз болып өтті ме?!
Кім біліпті, ұлым-ай,
басынан бақ тайғасын,
(Тізді дейсің тарих
қайсы атаның
қай жасын).
Өтті ме әлде
қой бағып
таяқ үшін қақ бөліп
Алдиярдай атаның
ақ шашақты найзасын?!.
Бұйым болмай
бұралаң дүниенің өр-шөлі,
бәрі батыр болған деп,
жұбата алмас ел сені.
Мұраға да қалмаған
бабамыздың бірінің
жалаң ұстап шығатын
жарқылдаған семсері!
«Елім-ай!»— деп,
еңіреп,
салған әнін білеміз,
басқа дерек-белгіден,
ұлым, енді күдер үз.
Алдиярдан басқа бір бабаң
айтты дерліктей
ел аузында
жоқ бүгін
жарым ырыс — лебізі.
Айта жүрер бірінің
болып па еді ердігі,
Кемелдігі,
кеңдігі —
білмейді, ұлым, ел мұны,
Біздер үшін белгісіз,
көздегені,
мұраты
Туған жерден,
тек қана,
безбегені белгілі!

3
Менің атам — Иманас
қандай адам болғаны,
төңкерісте
тепсініп,
тұңғыш атқа қонғаны,
аймағына белгілі,
ақтық сөзі ел болып,
таусылғаны дәм-тұзы,
ақырғы дем,
соңғы әлі!..
Кісі болған, дейді жұрт,
кеудесі кең,
жаңы ізгі,
алысыпты ақтармен
Амангелді тәрізді,
белгілі де
белгісіз
бабалардың құны деп,
ғасырларға созылған
қайтарыпты қарызды.
Ерік бермей сол атаң
өкпе тескен қайғыға,
Жарқыраған жүрегін
жалау етіп жайды, ма,—
Қарақшы да қаймыға
қашады екен ол десе,
дүрелеп бір айдапты-ау
дүрілдеген байды да.
Көкірегін кек керіп,
атқан таңға серт беріп,
төрт бөліп түн ұйқысын
қып-қызыл бір өртке еніп,
ордалы жау ұясын
ойран еттім дегенде
ойда жоқта
мерт болып,
отызында кетті өліп...
Атқа мінген шақтан-ақ
арқаланып бір демде,
Жау шебіне,
кім білсін,
жалғыз әзі кірген бе,—
Зұлым оғы дұшпанның
жұлып түскен, дейді жұрт,
Ханға
басын қараның теңгерем деп жүргенде!
Ұрпағының бетіне
жүрмесін деп салық қып,
Ата жауы алдына
тұрды ма екен барып тік?
«Тіке қарап,
тура айтар
мінезінен тапты ғой,
кісі-ақ еді, не керек,—
дейді жұрты —
жарықтық!»
Қайран атам —
қайыспас қара жартас бейнелі,
Көз жұмарда,
кім білсін,
сөйлемеді,
сөйледі,
«Құдай» деген кісі еді,
қара қылды қақ жарған,
жатқан жері жәннатта
жайлы болғыр!»—дейді елі.
Қасірет-,мұң барлығы
ұмыт болар енді деп,
Қой үстіне бозторғай
жұмыртқалар келді рет,—
дей бергенде
оқыста
опат болған кісі екен,
Қыр үстінде құйғытқан
қызыл тудай желбіреп!
...Әлдекімге ұқсамай —
көп ішінде бос өлер,
Осындай да бір бабаң
өтіпті, ұлым, кешелер,
«Алдиярдай атаның
аузынан-ақ түскендей
ұлы еді ғой Имекең,
ірі еді ғой!» — деседі ел.

4
Сенің атаң — Құсайын
қандай адам болғанын,
етек жиып,
ес біліп,
Октябрьмен оңғанын,
толысқанын,
толғанын
өзім айтып бере алам,
өзім айтып бере алам,
соңғы өсиет,
соңғы әнін...
Көріп қалған
кешегі дүниенің тарлығын,
аталардың ащы жас,
аналардың зар-мұңын,
егер өзі ат мініп,
шықса алдынан бақ күліп,
Октябрьдің арқасы
деп білетін барлығы!
Бала шағын еске алып,
баяндаған кезінде
Октябрьдің ұлымын —
деп санайтын өзін де.
— Айналайын Октябрь!
Өкіметім!— дегенде,
Қуаныштың нұры ойнап
тұрушы еді көзінде.
«Октябрьмен бір туып,
бар өмірім бірге өткен,
кісі болдым,— деуші еді,—
құр қалмаған құрметтен».
«Қақым бар!»—деп,
кеуде ұрып,
кергігенін көрмепті ел,
тұратындай тірлігі
таза ғана міндеттен!
Бар өмірім бірге деп
Октябрьмен, енді елмен,
тар жол,
тайғақ кешулер
аз болмаған ол көрген.
Жарты күлше нанын да
жақынымен бөліп жеп,
жетімдерді — жеткізіп,
жесірлерге дем берген.
Ауыл-үйдің, ол десе,
түзу еді сәлемі,
көп қылығын, мен емес,
айтып отыр әлі елі,
жалғандықты көргенде
нажағайдай шарт сынып,
жақсылықтың жолында
жан қиюға бар еді.
Ел басқарып,
жұрт билеп,
дәуірлеген кезде де
қиянаты тимеген,
дейді бәрі,
өзгеге.
қиып түсер тұстарда
қимылға да бар еді,
бар еді деп, айтады ел,
сойып салар сөзге де!
Ағайынның аз ба еді
берекесіз,
бейпілі,
солар үшін қиналып,
көз ілмепті кей түні,
жұрт аузында жүр әлі,
жұрағаты кейісе:
«Партияға өтпеген
большевикпін!»— дейтіні.
Жазғыз медаль жарқырап
әкеміздің төсінде
қан майданнан кешегі
оралғаны есімде.
«Шүкір,— дейтін,— жарығым,
шүкіршілік бәріне,
жазбасын де тек қана
жаманатқа,
кесірге!»
Ел дүрлігіп,
той жасап,
дуылдасып жатқанда,
барып па еді
басы артық,
пәтуасыз мақтанға,—
«Шүкір,— дейтін,— әйтеуір,
алып қалдық елді аман,
төніп келген тажалдай
сұрапылды шақтан да!
Көппен бірге кірдік қой
қара дүлей тасқынға,
жау түсірдім,
жүгірдім,
шегіндім де, қаштым да,
фашизмнің бір оғы
күні бүгін жан қинап
жатыр,— дейтін жарықтық,—
қабырғамның астында»
Қамы үшін деп қайтадан
қара қазан,
жас бала,
араласқан дүбірге
қарамастан басқаға,
фашизмнің бір түйір оғы ма,
әлде, кім білсін
жеткізбеген атаңды
елу алты жасқа да?!
Кім біліпті, ұлым-ай,
ұрпақ үшін ендігі
жақ та шығар атаңның
үлгі болар ерлігі,
мақтаныш мен үшін
ел айтатын ақ пейіл,
ағайынға дегенде,—
ақ жарылған кеңдігі!
Құрдастары атаңның
кезігіп қап көшеде,
Қауқылдасып, хал сұрап,
сәлем айтса шешеме,
Әкем үшін бір жасап
қалам өзім,
біреуі:
«Құсекеңнің баласы
жарады ғой!» — десе де...

5
Болашақта даңқымды
асырар ма ел менің,
жасырар ма нарқымды
жеңілгенім,
жеңгенім,—
ірі болған,
дер ме екен, ортасына әйгілі,
Бірі болған, дер ме екен,
басы жұмыр пенденің.
Бар қылығы басқаға үлгі болған кезінде,
Кісі еді ғой, десе де,
тұра білген сөзінде,
Бас қатырып қайтеміз,
әкең қандай екенін
жұрттан гөрі жақсырақ
білесің ғой езің де!..
Өзім жайлы және бір
айтатыным ендігі,
(Кім біліпті,
қай саққа жүгіртерін ел мұны).
Ұлым, сенен біреулер:
«Әкең кім?»— деп сұраса —
жанарыңмен жер шұқып,
жасымасың
белгілі!

6
Кім бабасын, ұлым-ай,
өзгелерден кем көрген,
жеті атаңды сұраса —
қысылма сен енді елден,
Жұрт аузында жатталып
қалар ісі болмаса,
не шығады шетінен
жіпке тізіп бергеннен?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кезімізде қызулана қыз құшар

  • 0
  • 0

Кезімізде қызулана қыз құшар,
құдайым-ау, дейтіндер кім бізді шал?
Самайыма қарамасын қарындас,—
қылаулаған қырау ғой ол күзгі сәл.

Толық

Арасында "үр-рит, үр-рит, үриттің"

  • 0
  • 0

Арасында "үр-рит, үр-рит, үриттің",
жауларымды жеңе алмадым... жымиттым.
Ағайынды ерте де алмай сөзіме,
тұмсығынан шерте алмай бір иттің.

Толық

Ұмытпа

  • 0
  • 0

Араласпай, былғанышқа, былыққа,
Атың жүзіп келе жатыр тұнықта.
Ұнайтындар бар өмірде, қарағым,
Сынайтындар барлығын да ұмытпа!

Толық

Қарап көріңіз