Өлең, жыр, ақындар

"Құлагер" поэмасы (толық)

  • 15.05.2021
  • 0
  • 2
  • 14495
Толғану

Тасқында, тау суындай, көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы — қыры.
Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,
Бастырмай шөпке — шарға тоқтап құры.

Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.

Шарықта шартарапқа қиял құсы,
Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы.
Халқыңның қуанышын қанат қып қақ,
Қашан да қала берер ұяң кісі.

Қашаннан қазақ көшкен тарих көші,
Таланып жаудан, жұрттан жеткен осы,
Көсемі көш алдында басшы болып,
Бақыттың жайлауына қонған тұсы.

Шат көңіл, шадыман жұрт ақынысың;
Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың;
Баласың бақытты елге, түс майданға,
Халқыңның қайратысың, ақылысың.

Тілісің, теңіз көңіл, батылысың,
Өткір ой, сезгір сезім батырысың;
Желіндей қуаныштың жеделдей соқ,
Өлеңнің өзені бір сапырылсын.

Күйіндей домбыраның құлдырасын,
Суындай Алатаудың сылдырасын;
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын.

Тегінде кәр құлақсың, сұңғыласың,
Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың.
Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,
Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.

Ұзаққа жүгіретін өрен жүйрік,
Секілді тыз етпеге қақпай күйбік,
Көсіліп өресі ұзақ поэмаға,
Жай тастап, кең құлаштап желдей жүйткіп.

Десе де «Бұл ақынның сөзін сүйдік»,
Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»;
Тастай бер ортасына өз сөзіңді,
Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік.

Халқымның қуанышты бұлбұлымын,
Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.
Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,
Жүлде алар жұма сайын туды күнім,

Шат елдің шешенімін, даңғылымын,
Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.
Астанам Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым?

Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап.
Ескі күн елім көрген енді ойласам,
Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.

Соларды әдетім еді айту аздап,
Ескіге ендігі елдің кегін қозғап;
Ескі күн — елдің жылап өткен күні,
Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап.

Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр
Құлақты қырға түріп жүрген кезім.

Ақтарып асыл сөздің алтын, жезін.
Салатын дүкеніме бар мінезім.
Ақтарған Арқа астын инженермін,
Ал, жұртым, керегіңе тұрса сөзім.

Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай,
Сыншыдан сақта құдай сортаң тұздай.
Шатасқан шалдуардан жиіркенем,
Елімнің ескісінен сөз айтқызбай.

Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай,
Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай;
Асылын арамынан аршып алдым,
Қашаннан қазынаға халқымыз бай.

Туған жер

Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;
Асқарда Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.

Жөңкенің жоғары ала басында өстім,
Ақ гауһар Ақ тастының тасында өстім.
Аспанда ақиығы шаңқылдаған
Құздардың құламалы астында өстім.

Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,
Тасы жоқ, таусыз жерді жерсінбеген.
Алматым Алатаудың бауырында
Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден.

Жасымнан жырлап едім тауды талай,
Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай.
Ордасы ой, көңілімнің ала асқарлар
Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай?

Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай.
Өсемін әңгіменің көп таратқан
Айтылмай қалған екен тау мынадай:

Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас
Төгіліп көл жиекке саудыраған.

Көк кілем, балаусасы балбыраған,
Көк жібек жапырағы жалбыраған.
Ақ қант аспандағы сонда жауып,
Бал бұлақ таудан, тастан ор құлаған.

Бұл тауды іздеймін бе біздер шеттен,
Талайы осы таудың бізге біткен.
Мақтауға, мақтануға тұратын жер
Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен;

Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,
Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.
Қия құз, жақпар сарай, бура тастар
Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен

Кавказдай таласпайды аспан — көкпен,
Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен;
Алтайдай асу бермес асқар емес,
Жөңкедей жолсыз емес құж — құж біткен.

Көкшетау жер жаннаты жеке біткен,
Бұл сұлу кең далада бойын күткен.
Жомарт тау дастарқанды, момақан тау,
Шипа тау тазартатын барлық дерттен.

Көкшетау көп жердің бір көркем жері,
Қыз орман, Бурабайдың мөлдірлері.
Жамылып жасыл барқыт, асыл құндыз
Түрленген тоты құстай тау көркемі.

Сайраған бұлбұлындай әншілері,
Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.
«Хан тұрып қазағыңа, ханды ант ұрған»,
Қонысы Абылайдың бір күндегі.

Қазақтың әсем жері Арқасында.
Арқаға жетер Арал, Балқашың ба?
Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар
Арқаның тізілгендей алқасына.

Арқаның алқа қонған даласына,
Ауылдай таулар отыр жарасымда.
Алапқа бетегедей киіз төсеп,
Оранған орманды тау ағашына.

Бұлақтың тәттісі де, тазасы да,
Көлдердің кең, мөлдірі тап осында.
Айдыны ала шұбар, құс қиқулар,
Ауыл, мал, масаты көл жағасында.

«Ауылы Сырымбеттің саласында,
Ақ сұңқар ғашық болып баласына».
Құмар боп жерден жүйрік, көктен құсқа,
Тұр таулар ән шырқалған арасында.

«Ол күнде осы тауда жалғыз жан жүр,
Дүниеден аулақтанған дабыр — дүбір,
Қара шал қайыңды отыр көлеңкелеп,
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.

Не еткен жан, әлде даңғыл, әлде мұңғыл?
Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр».
— Осылай ертегі қып кетуінде
Елдің де ескі аузында жоқ па екен сыр?

Салғанда шалқып, шырқап әр түрлі әнге,
Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме.
Жетісу, Ертіс, Арқа жүген жаттап,
Байбайлап салған әнін «Құлагерге».

Кетсе де шалдың өзі көптен көрге,
Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.
Елімнің есігінен иттер қуған
Сорлының сүйреген ел басын төрге.

Жақсының жақсылығын жан айтады,
Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.
Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,
Еріңді ел қиялы дардайтады.

Қазақта Құлагерді көп айтады,
«Серінің серігі еді» деп айтады.
«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,
Тегінде мал көрмесе, неге айтады.

Заманда сонау сарсаң Ақан тұрған,
Ол заман — ерге тұсау, зорға думан.
Жалмап жеп айналасын аш кенедей,
Семірген жұрт қанына нелер жуан.

Хан қабан — халық құлағын бұрап тұрған,
Бүйі би — билеп-төстеп сұрап тұрған.
Қор қылып ақ алмасты отқа көсеп,
Жүз -жүз жар теңін таппай жылап тұрған.

Барымта — ел шулатып жылқы қуған,
Әупілдек батыр шыққан әр рудан.
Ел құнға жұма сайын бір жығылып,
Қара нар, қалы кілем бітім қылған.

Қанды кек ел арасын ушықтырған,
Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.
Асыл ер, арманда жар опық жеген,
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.

Қырдағы қара сойыл бақандаған,
Қалада қара жүрек қаһарланған.
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.

Ол күнде қазақ мұндай жасармаған,
Құл мен күң қожасынан аса алмаған.
Жарлыға, жалғызға да дес берді ме,
Жыландай ысқырынған зәһар заман.

Керексіз кісі болған ол заманға,
Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.
Ез болмай, елге сыймай кім тұра алған,
Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға.

Түскен жан сондай күйге сұм жалғанда
Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба?
Қыңыр жан қырық кісімен қырықпышақ боп,
Ел таппай өте берген неге арманда?

Ішінде өрті жанып басылмастай,
Шемендеп дерті кеткен ашылмастай.
Тентіреп тауда, таста неге жүрді,
Тасталып танылмаған асыл тастай?

Бай басып, батыр әлде жасқаған ба,
Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?
Сұңқар құс сүймеген бір жұмыртқасын
Ұядан садағалап тастаған ба?

Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Тартқанда.тан жаны қорлық,
Төсеген талай ерлер оққа кеуде.

Жақсы боп елден өлім талай ерге,
Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?
Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген
Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?

Өмірде бастырмастан көңілін өрге,
Кім еді ел талантын тыққан жерге?
Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер
Ертерек ер жүрегін көмген көрге!

Өмірде солардайын қорлық тартқан,
Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.
Жаралап ер жүрегін жау қанжары,
Ысқырып жылан өмір жанын шаққан.

Лермонтов бомағанмен біздің Ақан,
Кісі ме ед ақындықтан құр алақан?
Ортасын олқы көрген бұл да дара,
Имеген иттерге бас сері, дарқан.

Еріксіз ерте туған ел еркесі,
Жетпестен қиылатын ер желкесі.
Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,
Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?

Қайт болып қара күштен меселдесі.
Халықтың қайғыда өткен нешен досы.
Жаныштап жұрттың жанын жерге тыққан
Қара күш, қаңқу сөздер- кесел де осы.

Тегінде тегін бе екен Ақан сері,
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?

Туғаны Арқадағы Арғын елі,
Өскені Көкшетаудың шалғын жері;
Ащы тіл, асау мінез қлығынан
Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?

Лақабы - әлде әулие, әлде пері,
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,
Бұлаңдап тақымында Құлагері.

Көкшеге жаз көк жидек жапқандайын,
Көкшеге қыс ақ күміс шашқандайын.
Көкше қыз күзде киіп қырау ішік,
Көк айна- көлі қыста қатқандайын.

Жамылған қыста ақ үзік ақ қардайын,
Төселген жазда кілем мақпалдайын,
Қырдағы ел «Құлагердің» әнін тыңдап,
Былайша әңгімелер Ақан жайын:

Ақан

Бурабай бір таза жер «пері» жүрген ...
Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген.
Ағашқа атын байлап көлеңкелеп,
Ақан ғой анда-санда келіп жүрген.

Ақандай осы тауда сері жүрген,
Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.
Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт,

Көң -қоңыр, былапыттан жеріп жүрген.
Жасынан иеленген баласындай,
Талпынып Көкшетауға анасындай.
Көліне бетін жуып, ат суарған
Арқаның бір сиқырлы айнасындай
Сұрша тал - сұлу қолдың саласындай,
Қып-қызыл қайың-қыздың баласындай.
Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,
Көзінің Көкше көлі шарасындай.
Кісі емес Ақан төрде билік айтқан,
Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.
Молда емес, мешіт салып, зекет алып,
Нәжісін дүниенің бойға жаққан,
Ол емес және өзінің малын баққан,
Жалшы емес және байдың отын жаққан.
Кісіні ит етінен жек көретін.
Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.
Төренің тұсындағы қасына ерген,
Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.
Жерлерді тоқты сойған топыр қылып,
Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.
Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен
Өмірді өткізген жан өз ырқымен.
Өмірдің ащы емес, тұщысында
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.
Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.
Солардың келе-келе жаны безген,
Өмірде әлсіздігін әбден сезген.
Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып,
Жабырқап жапан түзді жалғыз кезген.
Кісі емес көп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Текті құс тазалықты қолына ұстап,
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.
Адамнан, айналадан, күйіркеден,
Бой тартып ел ішінен жиіркеген,
Безінген біржолата тағы болып,
Аулақтап әсем тауда жүруменен.
Сұлулық жерден өніп, көктем жауған,
Тапқан ол тыныштықты таза таудан.
Шомылып мөлдір көлге, орманда ұйықтап,
Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.
Қарағай, қайың, талдар-қалың орман,
Тау мен тас жеке жанға болған қорған.
Қиқулап өлең айтып, күйлер тартып,
Сері үшін құс, көбелек қылған думан.
Таза тас сияқтанған күміс кесек.
Жапырақ секілденген таза төсек.
Жүрегін жуықтаса жаралаған:
Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.
Ақанды сол күндегі сопы десек,
Әсем тау оған құбыла, Мекеге есеп.
Ән-азан, әдемі сөз-намаз болып,
Кітап боп көңілін ашқан гүл — бәйшешек.
Бұл өзі ауылында аз оқыған,
Алғыр ой, ақын, әнші-көп тоқыған.
Елді улап, өлім тілеп жалмаң қаққан
Бұл ем,ес бөлек еді көп сопыдан.
Көрмеген ілімді артық көп тоқтыдан,
Не тапсын білгенімен көп соқырдан.
Тәңірісі табынатын табиғат боп,
Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан.
Жасынан туып,өсіп мекен қылған
Жерінен патша қуған, қала отырған,
Ел інін суға алдырған суырдай боп,
Жойқын жұт- сұрапылда малын қырған.
Арманды ел ақ патшаға арыз қылған,
Арыздан борыш басып, қарыз қуған.
Жер мұның, елдің шерін өлең қылып,
Ақан да жанның бірі жаны ауырған.
Және де жақынынан жарды сүйген,
Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден.
«Алам» деп Ақмарқаны алас ұрып,
Ала алмай ақырында жаны күйген.
Сол үшін тау пәлені басына үйген,
Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.
Соқпадым онысына осы арада,
Бар ма деп жолдастарын жазып жүрген...
Күйдіріп осындайлар жанын жеген,
Кеңесіп келісе алмай қалың елмен.
Тілімен жырды жаттап, жерді жоқтап,
Ол өзін жазалаған алдменен...
Сұрама оның бәрін бүгін менен,
Тіршілік болса тағы айтып берем.
Ақанның ең аяулы әңгімесі-
Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен».
Арқада Ақанды айтқан әңгіме көп,
Қылады оны әулие әлде не деп.
Әулие болмаса да безеген жан,
Неліктен? Тарихшылар табар себеп.
Мен өзім сері Ақанды көргенім жоқ,
Сөздерін, әнін жаттап, тергенім жоқ,
Ақанның өзін көрген, сөзін терген
Адамдар айтпас мұны өтірік деп.
Серінің сүйген жары-Ақмарқасы,
Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,
Сол ма екен елден айдап ән салдырған,
Жүрегін күнде шауып қыз балтасы.
Асыққан азап болып қызға айқасы,
Қайғымен өртеді ме қыз-қалқасы?
Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап,
Серіні сыйғызбаған ел ортасы?
Әйтеуір Құлагерді мініп баптап,
Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.
Ақ көңіл, асқар жанын алып қашқан
Арамнан, айналадан кірден сақтап.
Сондықтан ән шырқаған жырды мақтап,
«Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап.
«Сендерге сүйгеніммен келмедім» деп,
Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап.
Жете алмай арманына болып қапы,
Күңірентіп әніменен кең аймақты;
Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай
Болған соң кетті ме екен жаны запы?
Жатталып Ақмарқаның аузында аты,
Телміріп таста отырып жазған хаты.
Жары да, жолдасы да тек біреу-ақ
Онысы астындағы жалғыз аты.
Меншіктеп таза бұлақ, таудың тасын,
Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын,
Айтады ослайша айтушылар,
Кім білсін, әлде өтірік, әлде расын...
Тамсантқан әніменен кәрі, жасын,
Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын.
әңгіме Ақан емес, Құлагер ғой,
осынан бастамақшы ек сөздің басын.
Ендеше көлденең сөз былай қалсын,
Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын.
Көңілін көркем таудың жайлауына
Шығарып, сері салтаң кете барсын.
Асық боп Ақан жоқтап Ақмарқасын,
Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын.
Жаңғыртып Сырымбеттің күллі алабын,
Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын.
Бұлбұлдап көмейлерін бүлкілдетсін,
Көделер ақ үкісін үлпілдетсін.
Суырып көк жібектің сыртпағын,
Құлагер көк шалғынды күртілдетсін.
Суықта паналасын ну тоғайға,
Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.
Жауында үңгір тасқа ықтап, ұйқтап,
Шомылып жүре берсін Бурабайға.
Бата қып батқан күнге, туған айға,
Бейшара жүре берсін Бурабайда.
Серіні «пері» деген қалың қауым
Не ғылсын, бір мақсымды қудалай ма?

Ас

Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.
Арқада Ерейменді мекен еткен
Керейде Сағынайдың болыпты асы.

Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,
Қалтырап жынданғандай қолы, басы.
Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,
Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.

Білмеймін кім екенін Сағынайдың,
Кім білсін, қай жыл өтті,өлді қай күн?
Малы мол, малайы көп, қатыны көп,
Әйтеуір болуы анық, бірі байдың.

Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың,
Өзі-нән болса керек, руы- айдын.
Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады
Болғанын әлдеқандай сұмырайдың.

Іріңдеп, сығырайып екі көзі,
Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.
Алдынан дау, аузынан сөз кетпепті,
Айтқанда керейлерше «Дәудің өзі».

Оларша -жердің белі, таудың құзы,
Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.
Біздерше - хат білмейтін бір қатты шал
Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.

Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги,
Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.
Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп,
Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.

Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.
Көше боп көк майсаға тігілген үй.
Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір,
Хат алған неше дуан, болыс пен би.
Әр елдер тұрғы- тұрғы, алыс, жақын
Жаратып келіп жатқан дәмелі атын.
Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас,
Жалпақ жұрт түгел естіп жатты даңқын.
Әйтеуір әудім жерге шаба алатын
Бұла астан қалдырған қазақ атын.
Қалмастан қаладағы биржевойлар,
Саудагер қалыдған жоқ тағалы атын.
Керейдің ас болған соң осы шалы
Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.
Қаптасты құмырсқадай қырға қазақ,
Ас емес, шегірткенің жосылғаны.
Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,
Кереку, Баян, Семей, Торғай-бәрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы.
Әр жақтың қошқарлары, марқалары,
Әр жерде ауыр қотан, алқалады.
Жиылды Сағынайдың сорпасына,
Асын жеп, атын шауп тарқағалы.
Әр елдің бұқалары, өгіздері,
Қызыл көз, саба құрсақ-семіздері,
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті бәленше де дегізгелі.
Дейміз бе осларды нені іздеді?
Жын қуды астын етін жегізгелі.
Арқаға аударылды ас дегенге
Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.
Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,
Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.
Кісіге шыпылдады ақ ордалар,
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт.
Байланған қыс бордақы домалантып,
Сойылды талай мертік, талай шартық
Соларға бір сұғынды сұрпақбайлар,
Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.
Арқанынң жазы жібек, жері сая;
Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.
Қазақты асқа келген Арқа күтті,
Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.
Тәтті жал, қазы, қарта мая-мая,
Дамылсыз дастарқанды жүрген жая
Жігіттер танымы жоқ, табақ тасып,
Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.
Шалдарға былш-былш қақырынған
Сар қымыз салқын үйде сапырылған.
Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі
Толықсып, желді күндей жапырылған.
Әр елдің дәріптеген батырынан,
Ақсақал ат әкелген ата ұлынан.
Біреуді білмесе де нән деседі-
Шіреніп насыбайды атуынан.
Бір үйде тұздықтаған тәтті табақ,
Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Бір үйде табақ теуіп етке өкпелеп,
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.
«Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,
Бір үйді қырғыз алды-Шабдан манап:
Оязы Қараөткелдің Измайлов
Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ.
Жиынға ояз мінген бір арғымақ
Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.
Тұқымы тобылғыдай тор қасқаның,
Алынған француздан англо-арап.
Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,
Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.
Көл асқан қыр қазағы құстай қаптап,
Топырлап қонып жатыр үйге тарап.
Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай,
Ауызы еттен, майдан дамыл таппай;
Сүртініп сорпан терін жеңіменен,
Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.
Келіншек-жас жауқазын, сарымсақтай,
Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай;
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншықтай.
Бір үйде қобыз даусы шымыраған,
Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған;
Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп
Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.
Бір үйде домбыра да ыңыранған,
Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған;
Қос ішек « Қосбасарды» сылқылдатып,
Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.
Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,
Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.
Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ,
Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.
Албасты Арқадағы абы жылан-
Молда отыр ысқырынып оқып құран;
Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,
Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.
Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,
Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.
Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр
Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.
Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,
Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.
Толтырып сүйек-саяқ дорбасына
Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.
Кәрі ақын кіжінеді өңмен қағып,
Бала ақын сар масадай жатыр шағып;
Екі жақ ереуілдеп керісіп тұр,
Даттасып бірін-бірі атып, қағып.
Қолына я бөрік, я тұмақты алып,
Ақтаған ат үстінен сияқтанып,
Жаршылар жағы Семей жар қағып жүр,
Жұрт жатыр әр хабарды құлақтанып.
Таң атса шаң бермейді астың үйін,
Күн батса жан бермейдітіреп иін.
Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,
Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.
Осындай болып жатты ұлы жиын,
Жиынның мыңнан бірін айту қиын.
Еті тау, қымызы көл деуге болар
Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.
Жүз-жүзден жүрген жігіт даяшыға,
Ақ көбік мінген аттың жаясында.
Екі айдай Ерейменді ет сасытпай,
Жұрт малын жылулаған аясын ба.
Сан сойыс Сағынайдың бұл асына
Мал қайдан жетіп жатыр, расында?
Жан-жақтан топ-тобамен төгілген мал,
Көтерген малын Керей үй басына.
Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен;
Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.
«Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе,
Қойшыға билер отыр кесік кескен.
Шығынның, шаңырақ ақың мұнша дескен
Бір үйде, старшындар құлақ кескен.
Жасауыл анау жерде ат аударып,
Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.
Жиылған көп күшіген әрбір тұстан,
Қалмастан қарға, құзғын түгел ұшқан.
Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.
Қап қарын үйелмендер тісі шыққан,
Ішіне ет пен майды істеп тыққан.
Желпініп алды-артынан жел соқтырып,
Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.
Сопылар тәспі тартып, құман ап жүр,
Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.
Қарғалар қызыл көрген анталап жүр.
Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.
Итініп ет үйлерге ит пен жетім
«Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.
Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр.
Кедейлер отын шауып арқалап жүр.
Күңірентіп Сағынайдың кәр моласын,
Осындай ас боп жатты Арқада бір.

Құлагер

Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді.
Мінгізіп бәйге бала жайтаңдатып,
Аулына ас бергеннің тақау келді.

Араға алты қонып, алыс жерді
Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.
Хабары Құлагердің осы жаққа
Келуші ед еміс-еміс көптен бері.

Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға
Даяшы шапты алдынан қарсылауға.
«Қош келдің, сері!» деген сәлемменен
Түсірді Ақанды әкеп ақ отауға.

Дегендей; шешен — дауға, батыр - жауға,
Жүйрікті-бәйгеге деп бағалауда.
«дүлдүлі Көкшетаудың келді-десті,-
Топ жарған талай елге салған сауға»-
Кермеге қойды байлап Құлагерді,
«Маңайдан жан жүрмесін» деді сері.
Көзінен неге таса қылсын Ақан,
Іргені ат жақтағы түргіздірді.
Дегене «Көкшетаудан Құла келді»,
Көруге ынтызар боп ел жүгірді.
«Біреудің тіл мен көзі тимесін»-деп
Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.
Дабысы бұрын жеткен Керқұланың,
Дегенде «Келді» түрді ел құлағын.
Ас тегіс алды, артына қалды үймелеп,
Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.
Жиылған Арғын, Керей жан-жағына,
Кермеде қалғып тұрды арда Құла
Не сыншы, не қырағы-жиылған жан
Көздерің қалды сүзіп саңлағына.
Салбырап тұр Құлагер байлауында,
Қарасып Құланың бас, аяғына:
-Осы ма, Құлагерің?-деседі жұрт,
-Жүйрігі жануардың қай жағында?
-Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек.
-Қатыбас, қаншыр мойын, ит өндіршек.
-Бітімі ойқы-шойқы, орда шорқы,
-Пішкендей жануарды олақ өлшеп.
-Алмайды мынау бәйге жылқы көрсек,
Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.
-Көкшетау шолағын да мақтайтын ел,
Осыған ит болайық бәйге берсек.
-Құлаға мініп қоян атар едім.
-Мен мұны жүргіншіге сатар едім.
-Болғанша асқа күлкі « ат қостым» деп,
Үйімде тыныш қана жатар едім.
-Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.
-Семіртіп мен соғымға сояр едім.
-Кемпірдің азасына әкеп салып,
Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.
-Сүйегі-сиыр сүйек, қиқы-жиқы,
Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы...
-Осы ма даңқы шыққан Құлагер?-деп,
Ас тегіс Ақан атын қылды күлкі.
Сыншының келіп көрді отыз-қырқы,
Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»
Сөзіне Күреңбайдың жұрт таң қалды,
Не сыншы, не сұңғыла ортаға алды.
Жылқының қырағысы, шежіресі-
Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.
Күреңбай көзі тұнып көп қадалды,
Айналып алды-артына көзін салды.
Естуге Күреңбайдың байлау сөзін
Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.
Күреңбай көріп тұрып артын, алдын:
«Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,
Жері ұзақ, күші алдында өрен жүйрік,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың.
Келіскен кескін мынау, омыраудың
Өзі айтар: қаратам,-деп-қазақ қаумын.
Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.
Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.
Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?
Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,
Не қою, не болмаса емес сұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.
Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.
Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.
Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.
Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шепса жүйрік, мінсе берік,
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.
Сүйегі жануардың жылқыдан жат,
Бұл емес текежаумыт, не қазанат.
Күйкиіп көзге қораш көрінсе де,
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.
Екпіні үй соққындай пысқырғанда,
Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.
Жықпаса жалғыз қазық жануарды,
Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға.
Бұл тұлпар келіп тұрған әбден бабы,
Салбырап тұрғанына деме «жабы».
Маңдайы жарқырап тұр жануардың,
Ашылып тұр осы аста мұның бағы.
Көзімнің көбеймесе бүгін ағы,
Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы.
Егер де шын жылқыны мен танысам,
Хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы!»
-Пәлі! Ат таныдың!
-Таптың, сөз-ақ!-
Деп оны өзге қазақ етті мазақ.
-Көмбеде көрісерміз, асықпаңдар!
Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ!
Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ,
Қайтейін онан бері сөзді қозғап.
Қазақы қолдың жүйрік жылқысы осы,
Сау емес танымаған мұны -көзі ақ.
Соны айтып кете барды сол Күреңбай.
Ақанды ортаға алып би менен бай:
-Жарқыным, жалғызбысың?
-Елің қайда?-
Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.
-Еліңе сауын айттық біздер ұдай,
Тоймадық келісіңе сенің мұндай.
Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің,
Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай,
«Елі емес, Көкшетаудың аты келді,
Не керек онан басқа?-деді Сері.
Құлагер қосатыным, атым -Ақан,
Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!»
Ақанның айтуымен жаршы келді,
Ол да бір зар қақсаған арсыз еді;
Атының жайын Ақан айтып беріп,
«Осыны жұртқа хабар салшы!»-деді.
Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты,
Берместен бес жыл бәйге келе жатты.
Жиында неше дуан жүйрік жиған
«Шаппай бер, бәйгемді!»-деп талай айтты.
Жар салып шауып жүріп шартарапты,
Құлагер келгендігін жар таратты.
Құлағы Құлагерге қанық шіркін-
Иесі Көктұйғынның ішін тартты.
Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың,
Бұлар да бір биігі біткен нардың.
Баласы Бегайдардың Батыраш бар-
Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.
Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын.
Әкелген асқа Батыраш сол жүйрігін.
Қағатын қанаттыны өрен жүйрік,
Қоймаған қырдан жылқы бұл бір қырғын.
Берместен келе жатқан жанға бәйге,
Бәйге алған кейде жетім, кейде түйе.
Сілтідей Сарыарқаны тиған тұлпар,
Бәйгені бұл аста да берем-дей ме?
Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,
Ұр-көппе, томырық мінез, намыс берме;
Осы аста сағы сынып, бағы тайса
Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге.
Шулатқан арғын елін, Арқа халқын,
Естіген Батыраш та Құла даңқын.
Сатылап сұрап еді кісі салып
Қолына түсіруге Ақан атын.
Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын;
«Болам-деп-құда, тамыр көңіл жақын»
Қызығып Құлагерге неше жылдай
Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.
Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен,
Сері Ақан сұрауына илікпеген.
Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш,
Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген,
Көк, Құла-екі арыс та жүйрік деген,
Дәл мұндай өзге жерде килікпеген.
«Келіпті Құлагер ат» дегенінде,
Мәні сол Батыраштың күйбіктеген.
Өлгенде Сағынай шал ел шулатқан,
Көктұйғын сонан бері ішін тартқан.
Сұлы жеп, сүт сіміріп мәпеленіп,
Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан.
Көктұйғын күңірентіп талай шапқан,
Бәйге алып шапқан сайын алғыстатқан;
Осы аста бас бәйгені оймен алып,
Батыраш көптен бері үйде жатқан.
Ниетпен дәл осындай Көк ат келген,
Қашаннан «қап»! — деп азу басып жүрген.
Құлагер Көкшетаудан кеп қалған соң
Қызғанып Батыраштың іші өртенген.
Елі шет, руы жат, жалғыз елден
Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерден-
Барлығы Батырашқа болды толғақ,
Қауіп илеп ажалындай Құлагерден.

Егес

Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен,
Ас қандай әңгімешіл қымыз ішкен.
Әнші Ақан әсем әнін аяған жоқ
Жиылған дауысын сұрап мәжілістен,

Ақ отау топырлады Ақан түскен,
Қалың жұрт кетті керіп сырттан, іштен.
Шығады Ақан даусы інге талып,
Безелген ғашық жарменнн, қыран құспен.

«Ой қалқа, біздің көңіл қейда жатыр,
Толқыған он төртінші айда жатыр.
Ат тұрса, атаң тұрса көз салмаймын,
Арғымақ, асыл тұқым тайда жатыр.

Хош исі жадыратып көңіл ашқан,
Ақ құйрық, мәмілелі шайда жатыр.
Гүл шашақ. Жасыл жібек жайлауында,
Көңілім ел қонбаған сайда жатыр....»

Ән тәтті Ақан салған Арқадағы:
«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары».
Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті әнін
Қасына жиылған жұрт тарқамады.

Арқаның жүйрігіндей ән салады,
Өрге айдап, барып-барып жалтарады.
Түйіліп түлкі көрген қырандайын,
Қылмаңдап қос қанатын қомданады;
«Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,
Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы;
Пормыңа төңкеріліп, жайдым қанат,
Шарықтап ақиықтай Оралдағы.
Ертістің құба талы секілденіп,
Алдымнан шық майысып, бұрал дағы.
Қызыл гүл сен болғанда гүлбақшада,
Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы.
Қияның қиынында тұрсаң дағы
Қиғаштап қанатымды қонам дағы....»
Асырған айғай әнін алты қырдан
Әкесі асқақ әннің әнші Біржан
Ақандай майда көмей, нәзік емес,
Құлақтағы Біржан ащы інмен қырған.
«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»
«Жайдарман», «Жайма қоңыр», «Кер қашаған»,
«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің»-дегендердің
Бәрі де-Ақан баптап салатын ін.
Бақырмай доибыраны көкке бұлғап,
Аққудай әсем дауыс-үн сыңғырланып;
Қышуын жаныңыздың майда қасып,
Тербетер жан көңілін биязы ырғақ.
Көкшеден құйылғандай бір бал бұлақ,
Тәтті әнге халық қанды, ел сусындап.
Соққандай жаздың желң арқа жақта,
Елжіреп жүрек әнге, жусап құлақ.
Әндермен әсем-әсем Ақан серің,
Қаратты ауызына астың елін;
Өлеңге сұлулықты қосты талай;
«Ақмарқа», «Ардагерім», Тастүлегім.
Деп «әнші тым тітті екен төменгі елдің»
Ұмытты өзге әншілнр өз әндерін.
Машықтан Ақан інге қосып отыр
Өзінің айтып жүрген өлеңдерін;
«Торыны талға байлап мінген қандай
Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай?
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай?
Сөз салып қалқа жанға жеңгесінен,
Құрбыңмен сыпайы, ойнап күлген қандай?
Ишарат, әзілменен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қандай?
Сыланып сал торыны мінген қандай?
Сай құлдап, жарды күтіп жүрген қандай?
Бір сыйға торышаны байлап тастап,
Артына ақбоз үйдің келген қандай?
Алаңдап, алабұртып тұрғаныңда
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай....
Қалқашың қосылғанда атқан таңдай,
Көңілің шалықтаған шаттанғандай!...
Жамылып екеу-ара бір көрпені,
Бастасып тар төсекте жатқан қандай?
Сол жерде айтылмаған сыр қалар ма,
Мысалы абдыра ашып ақтарғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында,
Байлаулы тор құнанды тапқан қандай?
Шалбырын сал торының қызға ұстатып,
Шақшаны ерге қағып атқан қандай!
Ойласаң бұл дүниеле не қызық бар,
Қасынан қалқа жанның аттанғандай!
Аулыңа өлеңдетіп сен айтасың,
Бәйгеден атың келіп мақтанғандай...»
«Ақ шашақ», «Жайма шуақ», «Кербез керім»-
Ақанның асты ұйытты осы әндері.
Әсем тау, ат қызығы, ашық оты,
Ән болып қыран құстың қу ілгені.
Соққандай Сырымбеттің салқын желі,
Отырды думан қылып, шалқып Сері.
Жат елдің жаңа әніне Соңырқасып,
Отырды «Ой, пәле-айлап» астың елі.
Қызықтап Ақан салып әр түрлі әнге,
Мәжіліс боп отырды, елге әңгіме.
Ән тоқтап, Ақан сөзге айналғанда,
Ауысты жұрт аңызы Құлагерге;
-Қуанып қалдық сіздің ат келгенге,
Құланы даңқы шыққан ап келгенге.
-Атыңыз бұрын кездеспеген шығар
Алтайда алғыр тұйғын Көкпенен де?
-Көктұйғын көптің алдын бермей ақ тұр,
Өзге мал онан озып келмей ақ тұр.
Шаптырмай жиын сайын бәйге сұрап,
Бақ-талай Батырашта, өрлеп ақ тұр.
Ырысы жануардың таймай ақ тұр,
Батыраш аруақты өрге айдап ақ тұр.
Алдына әлі күнге жылқы салмай,
Бақытын бар жүйріктің байлап ақ тұр.
Ат шапса ішімізде, сыртымызда
Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға,
«Бас бәйге Батыраштың сыбағасы»-
Деп тегіс қойды ұйғарып жұртымыз да...
Алып жүр аруақсыз да, құдайсыз да,
Құланың бақытын сіз де сынайсыз да...
Естуші ек Құланың да көптен даңқын.
Құдайдан Көк озбауын сұрайсыз да.......
-Естігем бұрын даңқын Көк неменің,
«Алтайдың жұйрігі онан жоқ» дегенін.
Жолықпай иесіне жүрген болса,
Осы жол Көк шолақты бөктеремін!
Ақанның осылай деп өктегенін,
«Құламнан озаржылқы жоқ» дегенін.
Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз,
«Құлаға бөктерілер Көк» дегенін.
Есітіп Батыраш боп бұлан талқан,
Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан.
Тепсініп ақ отауға келді кіріп,
Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.
Қылған жоқ ө ө қырқауыңнан қауіп, қайқан
Дауысы Батыраштың шықты қатаң.
Қамшысын бүктеп, шарта жүгініп шал
Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан;
-Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,
«Осы аста абиырым басқа-депсің.
Өзіңе өз аузыңмен бійге іперіп,
«Атыңды өзгелерің қоспа депсің.
Атаң аз Алтайымнан қалай көпсің?
Алдымен бәйгеңді алып көрген жоқсың.
Сорпасы Сағынайдың бу болды ма,
«Алтайдан озамын!»-деп ...жепсің.
Алтайда мен ақиық ұшқан қонбай,
Қарамды көре алмайтын сендей торғай.
«Бөктерем Батыраштың Көк атын!» деп,
Оттапсың ауызыңа ие болмай.
Қарауыл қайрат қашан бітті мұндай?
Басуым көңіліңді тіпті оңай!
Төренің атын ерттеп өскен ел ең,
Өзіңе ат бітіпті ау, байғұсым-ай!
Ақанға батып кетіп шалдың сөзі,
Аңырап алғашқыда қалда да өзі;
У тілмен алды шалды шағып-шағып,
Лап-берме, оның дағы от мінезі;
-Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді,
....көк ешкінің жыртық көзді,
Алтайдың кәр жынындай бақылдаған,
Көк сақал, азбансыған, бұл кім өзі?
Ат біткен Құлагердей Ақанына,
Ол дайын Көкті жерге тақауына.
Бәйгеден басы көзін су қып озбай,
Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?!
Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,
Тілімді терезем тең , тартайын ба?!
Көгіңді бөктермесем атым сенікі,
Шапса да әкең мініп байталына!
Тұтқыштай өңі күйіп қап қара боп,
Батыраш басқа сөзді баптаған жоқ.
«Батырып Батырашқа жіберді ау» деп,
Тым тырыс үндемеді тыңдаған топ.
Жайраңдап Жайсаң Ақан қаймыққан жоқ,
Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.
«Жат елде жалғыз жүрмін» деп именіп,
Болар деп түбін қалай қайғыртқан жоқ.
Жұрт сөзді онан әрі жаңғыртқан жоқ,
Қаңқулап, қаңажулап қағытқан жоқ.
Насырға шабатынын біліп жиын,
Шаппаған бәйге басын ауыртқан жоқ.
Көгеріп Батыраш шал басы қалтақ-
Қалтақтап жан жағына етіп жалтақ;
Біле алмай не қыларын үйден шықты,
Халық та кетіп жатты үйден тарқап.
Жүйріктей жиын жарған қағып жайтақ,
Таңғалтып ән, атымен елді байтақ;
«Ауылым қонған Сырымбет даласына!»
Деп Ақан ән сап жатты басты шайқап.



Пікірлер (2)

Дархан

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. ҚҰЛАГЕР (ТОЛЫҚ НҰСҚА)

Динара

Ілияс Жансүгіровтың құлагер поэмасы, Толғану, Егес, Туған жер... бәрі бар екен, рахмет

Пікір қалдырыңыз

Жұмысқа

  • 0
  • 2

Ауылдан шыққан алтаумыз,
Аяндай басып келеміз.
Кейде атандай адымдап,
Аттай кейде желеміз.

Толық

«Шоқпарға»

  • 0
  • 0

Талай жылғы тандыр тау,
Талайғы кәрі байғұс - ау,
Мәзбісің тек жатқанға?
Тұншықтырып мұздарың,

Толық

Тас

  • 0
  • 0

Көгілдір, мөлдір көк аспан -
Көлеңке, сәуле ойнағы.
Ойнаса онда жылпың жел,
Жыртылад шарбы, қаймағы.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар