Өлең, жыр, ақындар

Камшат Әбілғазықызының өлеңдері

Азат күн!

Жердің бетін
борандатып,қарлатып,
Аспан жатты
желтоқсанда толғатып.
Азаттығым келген еді,
шыр етіп,
Шаранасы қан мен жасқа
бұлғанып.
Орап алып жөргегіне
теңдіктің,
Жатқызыппыз бесігіне
өрліктің.
Жылатпаудың қамын жасап
тербедік,
Аясына салып дархан
кеңдіктін.
Тұсауыңды кесіп жолға
жібердік,
Тәй-тәй басқан қадамыңа
тілеу ғып.
Жаратқанның жебеп берген
ақ таңы,
Елу елге қатарласу -
кемелдік.
Ерттеп тағы, ақ боз бердік
тоқымдап,
Шабысыңды көршің жатыр
бақылап.
Әр белестен сүрінбеген -
Азатым,
Көк туыңды көтере бер,
шапқылап.
Тұмар еттік кеудеңе
Елтаңбаны,
Көтере біл, ауыр оның
салмағы.
Әнұраным ойнамаса әр
таңда,
Егемендік болмас еді
қолдағы.
Орда бұзар отыздасың
Азатым,
Кімге болсын ашық
жатыр құшағың.
Өз тілімде амандасып
өзгемен,
Өз дегенің бола берсін -
Қазағым!
Айбынысың - мынау алты
Алаштың,
Айырылсақ саған да сын,
маған сын.
Көк туымның көзге түсер
белгісі,
Жарқырай бер, көгімдегі
Азат күн!

*****
Жүрегім сен сөйлеме,
үндемегің.
Жанарым көрсе көрер,
сен көрмегің.
Соға бер, соға берші
кеуде тұсым,
Жоғалып кетуіңе жол
бермеймін.

Жүрегім, сен жылама,
егілмегің,
Айтқыштар айта берсін,
естімедім.
Мені тек сен түсінсең
жеткілікті,
Өзгесін ойланбай-ақ
өшіремін.

Жүрегім, сен тулама,
жұлқынбағың,
Сезімді енді қайтіп
ұсынбағың.
Тамырды ыстық қанға
толтыра бер,
Бақылап, асып-толып
тасынбауын.

Жүрегім қапа болма,
болмашыға,
Еркін бол, қабырғаның
қалқасында.
Үздіксіз дүрсілдей бер,
дүрсілдей бер,
Жол бермей тетігіңді
тат басуға.
****
Кескіндеме,
гравюра парақтағы,
Жансыз сурет,
Жанданып сыр ақтарды.
Ойлы көзге ұштасып
жұмбақ әлем,
Сурет те, суретші де,
сөйлеп тұрды.
Жымиып сұлу жүзді
Жұмбақ ару
Екі әлем айырмасын
біліп тұрды.
Қылқаламның ұшынан
тамған түстер,
Портреттің өң бойын
кезген сынды.
Бір құдірет екеуін
жақындатып,
Бір құдірет,
жандарын жуытпады.
Жансыз ару
сөйледі өзге тілде
Суретшіге аян тек,
қылықтары...

******
Ескі альбом естелігі,
Еске салды кешегіні.
Құм сағаттай өте шыққан,
Көрдім қамсыз кездерімді.

Ескі альбом есті мені.
Өткенге көз салам енді.
Өзгертпеші енді қайтіп,
Өзгердім деп айтқым келді.

Жылдар салып араға із,
Уақытты да санамаймыз.
Ескі альбом болмағанда,
Өткенге көп қарамаймыз.

Парақ беті аралаймыз,
Әр мезетті бағалаймыз.
Кім ескірді альбом ба, әлде,
Өзімізге ұқсамаймыз.

*****
Жүріп келем,
Жүгірмеймін ...
Қадамдар.
Мәре болса
Жетер қанша
Шамам бар?
Құлап түсіп,
Жаралаған тіземе
Қол шошайтып,
Қарамаңдар!
Адамдар!
Басқан сайын,
Тереңдейтін табанда
Тікенегім, тағы бар.
Мен де сізді
түсінбеуім
Заңдылық!
Әр адамның
Әралуан жолы бар!
Құласақ та
Жыласақ та, көтерер.
Бәрімізді жарылқаушы
Тәңір бар!

*****
Ұяңдығы басым ғой,
бойымдағы,
Сабырым бар серігі
жолымдағы.
Қоңыр үнді әуенге
елітетін,
Көк түріктің тегі ғой
қанымдағы.
Жібек желдің дыбысы
естілердей,
Құлақ тосам бір көшке
ескілердей.
Күн батқанда жиекке
қарайлаймын,
Ұлы көштің сағымы
көрінердей.
Дала күйін ойнатып
тамырларым,
Жанарымды сол күшпен
лағылдадым.
Ғасырлардан бір жүрген
жұлынымда,
Сездім нілін нәр болып
ұйып жатқан.
Қатар әлем шілдері
сөгілгендей,
Ұлы көштен қаламын
қайтқым келмей.
Табанымды тартатын
бар ма күші,
Баурап алып жататын
Барқытбелдей.

*****
Болмасты аңсап,
Келместі күтер,
Жандар көп.
Қойылым жасап,
Өзіндік рөл
сомдар тек.
Қимайтын көңіл,
Жықпайтын сөздер
болмаса,
Шынайылықты
айтарма ек...
Жан - дүние азап,
Жүзіміз күлкі
Бір бейне !
Өтрік езу
Өзекті дейсің
емдей ме?
Жаның да күліп,
Жүзіңде бал-бұл жанардай,
Рөлден шығып,
Бақытты болғың
Келмей ме?
Түзейміз сынды,
Күнкөріс дейтін керуенде.
Тырысып кейде
Намысты қолдан бермеуге.
Өмірдің сыры-
Өзгені емес алдымен,
Өзіңді сүйе білгенде!!!

******
Жолымыз бір
дегенмен,жолайырық.
Жарайды,
Көндім тағы,
Қамықпайық.
Аялдама жоқ жерден
түсіп қалшы,
Жанды ауыртып
қайтадан,
Жолықпайық!
Солай...
Біз деген жолаушымыз
Жолымыз бір.
Не себеп
Көңіл қаяу,
Қабағым кіл?
Қол алып ,
Қош айтқанмен...
қимай сені,
Кетпеш деп,
оты сөнген
амалым тұр.

Құтқар жаңбыр жанымды.!

Жаңбыр жауып кетсе ғой,
Нөсерлетіп жай емес.
Ой –санама жетсе ғой,
Менің күйім жарымес.

Жаушы жаңбыр, селдетіп,
Алайыншы жан дауа.
Жауармын деп шөлдетіп,
Сенде мені алдама.

Соғып алшы найзағай,
Теріс заряд маңайым.
Жасым қалар байқалмай,
Жылап-жылап алайын

Сіркіре де, күркіре,
Тамшыларың толайым.
Ақ жауынға малынып,
Есті жиып қалайын.

Жалаң аяқ су кешіп,
Жерге берем барымды.
Кетсем егер баз кешіп,
Құтқар жаңбыр жанымды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз