Қайда кеттің бұлтың-бұлтың боп қашып – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Қайда кеттің бұлтың-бұлтың боп қашып» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.06.2021
  • 0
  • 0
  • 1062
Қайда кеттің бұлтың-бұлтың боп қашып,
ала толқын, тоқтай тұршы, тоқташы:
Сенің ернің керек болып тұр маған
сүю үшін жағалаудың көк тасын.
Бара жатқан жоқ шығарсың от тасып,
самал, сен де тоқтай тұршы, соқпашы:
Саусақтарың керек боп тұр, сипауға
түнгі алқапқа тұнып өскен шөп басын.
Бала шалғын, сипайыншы сені келіп
Күн батыстың майда-самал желі болып.
Жасыл тастар, сүйейінші сені келіп
ала құйын толқын болып тебіреніп.
Сонда ғана құмарым бір басылар,
сонда ғана көңілім бір ашылар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері