Жиi-жиi түсiме неге енесiң – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Жиi-жиi түсiме неге енесiң» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.06.2021
  • 0
  • 0
  • 1028
Жиi-жиi түсiме неге енесiң,
Перiсiң бе,
жынсың ба,
неменесiң?
Екi жаққа екеумiз кетiп ек қой
Бастан кешiп тағдырдың ерегесiн.
Ерегестен жеңiлдiк, сен де, мен де,
Əзiз жүрек əйтпесе сенделер ме,
Бақыттылар бағында жүрмес пе едiк
Жел сөзiне бiреудiң ермегенде.
Амал қайсы, бəрi де кеткен өтiп,
Өкiндiрiп,
Өксiтiп,
Өкпелетiп.
Көз жасыңның өтерде өзенiнен
Өткен күндi келемiн өткел етiп!
Жар жанында деп едiм тынығармын,
Жарым түнде төсектен жұлып алдың.
Өзiң емес, кездесiп елесiңмен
Есiгiмнiң алдында жүрiп алдым.
Жиi-жиi түсiме неге енесiң,
Мазалаудың сезсең де жөн емесiн?
Түн жамылып келетiн төсегiме
Перiсiң бе,
жынсың ба,
неменесiң?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері