Сенсiз менiң өмiрiм өлең бе едi – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Сенсiз менiң өмiрiм өлең бе едi» атты Исраил Сапарбай жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 22.06.2021
  • 0
  • 0
  • 909
Сенсiз менiң өмiрiм өлең бе едi,
Жаңармалы тiрлiкте, көнермелi?
Көңiл шiркiн сен жаққа елеңдеулi
Қоңыр мiнез қозыдай көгендегi.
Саған ауса ынтығым, ынтызарым,
Құлып салар, Құдай-ау, құлқыма кiм?
Бұза алар ма қос жүрек ынтымағын
Бұлаңдатқан құйрығын түлкi-залым?
Бұлаң құйрық түлкiдей алдаусырап
Талай-талай кезiгер алдан сынақ...
Теңiз кешкен кемедей адаспаспыз,
Жанып тұрса жырақтан арман-шырақ.
Сенсiз маған келер ме асыл өлең?
Күзге айналар, жабықсаң, жасыл əлем.
Көңiлiңе титтей бiр кiрбiң қонса,
Жанарымның жуармын жасыменен!..
Жанарымның жуармын жасыменен!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері